QR көмегімен 2 мың еңбек шарты жасалды

Елімізде QR-дың көмегімен 2 мыңға жуық еңбек шарты электронды түрде жасалып, 100-ден астам адам жұмысқа орналасты, деп хабарлайды 24KZ.

QR қызметін пайдалану үшін enbek.kz порталы мен eGov mobile қосымшасына тіркелу жеткілікті. Жұмыс беруші мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелеріне кез келген адамның жеке мәліметтеріне қатысты сұрау сала алады. Жұмысқа қабылданушының келісімін алу үшін 1414 байланыс нөмірінен хабарлама келеді. Азамат келіскен сәттен бастап автоматты түрде жеке мағлұматы жинақтала бастайды. Ал жұмыс беруші еңбек шартын әзірлеуге кіріседі.   

Алмас Крамшеев, ҚР ЕжХӘҚМ Ақпараттық жүйелерді дамыту департаменті директорының орынбасары:

- Электронды еңбек шартын әзірлеудің қазіргі таңда 2 жолы бар. Біріншісі, еңбек шартының керекті мәліметтерін ыңғайлы конструктор арқылы енгізу. Екіншісі, дайын еңбек шартын порталға жүктеу арқылы. Еңбек шартының жобасы әзірленген кезде, жұмыскер мен жұмыс беруші өзара келіскен жағдайда екі тарап электронды цифрлық қолтаңба немесе QR-код арқылы қол қойып, еңбек шартына отырады.