Сұлулықты сатып алған жөн бе?

«Адам - көркі шүберек» деген сөз қалып барады.

Опа-далап, одан қалды тәніне сурет салғызатындар енді бет әлпетін түгел өзгертуге көшкен.

Ия, пластикалық операцияны әйелдер ғана емес, еркектер де жасатады қазір.

Сорақысы сол кей адамдар бір емес, бірнеше рет пышаққа түседі. Психологтар бұл кейбіреулер үшін сән емес ауруға айналды дейді.

Зарина Кәп, тілші:

- «Сұлулық әлемді құтқарады» дейміз. Алайда, 21 ғасырдың трендіне айналған қолдан жасалған сұлулықтан адамзаттың өзін құтқару қажет болып тұр. Артық қыламын деп тыртық қылып алғандар аз емес.

Мысалы, былтыр желтоқсан айында астаналық бойжеткен косметологиялық процедураға жүгініп, сапалы жұмыстың орнына, өміріне қауіп төніп, операциядан бірақ шықты. Жамбасын түзеп беремін деген косметолог ақыр соңында өзі айыппұл төлеп, ісі сотқа жетті. Жалпы 2023 жылы   медициналық қызметтің сапасына байланысты 7720 өтініш түссе, оның 35-і сапасыз косметологиялық процедуралар.

Бағжан Мұхаметбек, медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің басқарма басшысы:

- Оның ішінде 11 жоспардан тыс тексерумен қаралды. 6 шағым негізді деп танылды нәтижесі бойынша. Яғни соған сәйкес тиісті шаралар қабылданды. ӘҚБК кодексінің 424 бабына орай әкімшілік шара қолданамыз, ол 5 АЕК –дан 70 АЕК-ға дейін айыппұл төлейді, егерде бір жылдың ішінде қайталайтын болса, онда 30 АЕК-ден 700 АЕК-ге дейін  айыппұл төленеді, және маман сертификатын қайтарып алу.

6 жыл бойы осы салада қызмет көрсетіп келе жатқан Алмагүл Жайлаубай, мұндай қызметтерге қарсы, өзі тек табиғи өнім арқылы жұмыс істейді. Оның айтуынша, өзіне келген тұтынушы бұған дейін қандай процедуралардан өткенін, қандай емдік заттар пайдаланғанын білмейді. Соның салдарынан  небір асқынулар мен қайғылы жағдайлар болады дейді.

Алмагүл Жайлаубай, косметолог:

- Қандай өніммен жұмыс жасайтынын сұрау керек. Ол масс маркет пе космецевтика ма? Ең бір қарапайым түрі тазартуға қолданып жатқан өнім, ол космецевтика ма Қазақстанда тіркелген бе? Мысалы біз космецевтиканы алғанда оны арнайы орталықта, арнайы оқытылу арқылы беріледі. Егер біз космецевтикамен жұмыс жасау сертификаты болмаса, жұмыс жасай алмаймыз.

Бұл күнде арзанға пластикалық ота жасаймыз, қисықты түзетіп, түзуді қатайтамыз дейтін жарнама көп. Бірақ қайсы шын, қайсы алдамшы. Опа далаптың түр-түрі көп. «Өзі ананың сүтімен әрленген табиғи бет әлпетіңе ештеңе жетпейді», - дейді мамандар. Сіз қалай ойлайсыз?

Авторлары: Зарина Кәп, Арман Ақшабаев