Цифрландырудың жемісі мен жеңісі

«Отбасының цифрлық картасы» Govtech Price 2024 жүлдесіне ие болды.

Дубайдағы дүниежүзілік үкіметтік саммитте отандық өнім «Инклюзивті цифрлық жаңғыру» аталымы бойынша үздік деп танылды.

Айта кетейік, отбасының цифрлық картасы Қазақстанда қолжетімді мәліметтер қоры негізінде жасақталған. Таяуда Мемлекет басшысы қарқын алған цифрландыру саласын одан әрі дамытуды тапсырған еді.

Қазақстанда ұзын саны 87 мәлімет қоры бар. Отбасының цифрлық картасы осы базаларды біріктіру нәтижесінде туындаған бірегей жоба. Оның жаһандық деңгейде еленуі еліміздің цифрлық салада бәсі мықты екенін аңғартты.

Рүстем Биғари, Цифрлық үкіметті қолдау орталығының бас директоры: 

- Әрбір үйдегі бала саны, мүгедектігі бар отбасы мүшесінің бар-жоғы,  табысының мөлшері, несиесі, төленбеген сомасы, жылжымайтын мүлік туралы ақпарат әртүрлі базаға енгізілген. Отбасының цифрлық картасы  сол мәліметтер базасын біріктіру нәтижесінде жасалды. Осылайша, мүгедектігі бар азамат әлеуметтік жәрдемақы алу үшін мемлекеттік органнан анықтама алып, дәлелдемейді. Себебі, мемлекет бұны онсыз да біліп отыр. 

Ендігі кезекте, балабақшаға автоматты түрде кезекке қою, үй маңындағы мектепке орналастырып, үйірмеге жазылу жеңілдейді. Десе де, заманауи әлеуметтік қоғам құруда қолдағы мәлімет қоры бәрібір де аздық етеді. Бұны Президент те айтқан еді. Бір ғана мысал келтірсек: үш жыл бұрын 2024 жылға қарай 44 зета байт мәлімет қолжетімді болады деген болжам жасалған еді. Алайда долбар дәл келмеді. Бүгінде 187 зетабайттың мәліметі ұсынылған. Интернеттегі ақпарат ағыны мұнымен тоқтамақ емес. Сондықтан суперкомпьютердің көмегіне жүгінетініміз анық. Ал Президент меңзеген суперкомпьютер дегеніміз Қазақстанда бұрың соңды болмаған, есептеу қуаттылығы жөнінен дес бермейтін құрылғы.  

Бақыт Топтаева, тілші:

- Мысалы, калькулятор бір мезетте бір ғана есеп шығарады. Енді миллиондаған калькулятордың қас-қағым сәтте млн түрлі есеп шығаратынын елестеп көріңіз. Міне, суперкомпьютер осындай ғаламат күшке ие болады. Яғни, ақпаратты жүз мың есе жылдамдықпен өңдеуге мұрша береді. Айтпақшы, жасанды интелектінің көмегімен, бірнеше промтқа салып, суперкомпьютердің сұлбасын шығарып көрдік. Биіктігі үш метр, ені төрт метр болатын алып құрылғыны осылай да елестетуге болады.

Бірінші кезеңде базалық супер компьютер жиналады. Содан кейін отандық ғалымдар мен бизнеске қажет ақпаратқа қол жеткізіп, өңдеу мақсатында қолданылады. 

Рүстем Биғари, Цифрлық үкіметті қолдау орталығының бас директоры: 

- Екінші кезең әлемдік стандарттағы үлкен супер компьютер алу жоспарда бар. Ол жаһандық қауымдастыққа машиналық есептеу қуатын таратады. Егер дүние жүзінің картасына қарасақ, Қазақстанды қақ ортасында көреміз.  Жалпы, біз орналасқан белдеуден әлем дәл уақытта ақпарат өңдейтін сервер қажет-ақ. Америкада түн жамылса да, Қазақстанда мәліметтер талдаудан өтуін тоқтатпайды. 

Рүстем Биғаридің айтуынша, екі жыл бұрын жұрт дата science-ті меңгеруге ден қойған еді. Жасанды интеллект пайда болған соң, мәліметті сараптаудан бөлек, алгоритмді есептеп логикалық ойға салу дағдысы бар басқа форматтағы кадрларға қажеттілік туындады.

Мейіржан Әуелханұлы, жасанды интеллект жөнінен сарапшы:

- Бізге де әлі де кеш емес, қазірдің өзінде мамандарды оқытып, қазірдің өзінде осы саладағы стартаптарға қолдау көрсетіп, осы саладағы мамандарды іздеп, іздеп оларды оқуға жіберіп , немесе жеке сектор, әртүрлі жастар бар бізде осыны бұрыннан меңгерген, хабары бар деген сияқты, сондай жастарға қолдау көрсетсе, меніңше әлі де маманды дайындап үлгереміз, әлі де кеш емес.

Жасанды интеллектіні ерте игерген елдер әлемде үстемдік құрады.  Қуатты компьютер құрып, сапалы мәлімет қорын жасақтап, білікті кадр даярлығына мән берілсе, Қазақстан цифрландырудың көш басына шығатынына еш күмән жоқ. Сала мамандарының пайымы осы.

Авторлары: Бақыт Топтаева, Ернар Жақсыбаев