ШҚО-дағы шекаралық ауданның медицинасы нығайды

Шығыс Қазақстан облысының шекара шебіндегі Шемонайха аудандық ауруханасында алғаш рет компьютерлік томография іске қосылды.

Жаңа құрылғы жұмыс істей бастаған алғашқы күндердің өзінде алпыстан астам адам тексеруден өтіп, медициналық қызмет көрсету сапасы артты. Дәл осындай кабинет Зайсан қаласындағы аурухана ішінен де ашылды. Ендігі жерде бұл медициналық мүмкіндік іргелес жатқан Марқакөл, Күршім, Тарбағатай ауданы тұрғындарына да қолжетімді болмақ.

Зәмзәгүл Төстікова Айнабұлақ ауылында тұрады. Зайсан аудандық ауруханасына жиі келеді. Зейнеткер 44 жыл фельдшер болып істеген. Сондықтан болар компьютерлік томографияға ауыл жұртының қаншалықты мұқтаж екенін жақсы біледі. Өзі де елмен бірге осы аппаратты көптен бері күтіп жүр екен.

Зәмзәгүл Төстікова, зейнеткер:

- Өте көп,өте көп, соның бірі өзім ғой күтіп отырған. Жолдаманы өте көп тосатынбыз, мысалы Өскеменге алсақ әр аудан баратын.Сондықтан 1-1,5 ай тосатын қазір өз ауданымыздан, бұл өте тиімді халыққа.

Томографияға рентген-лаборант Ержан Жұмабекұлы түсіреді. Оның айтуынша, бұл технологияның қауқары Өскемендегі онкологиялық орталықта тұрған аппаратпен бірдей. Сондықтан сол жақтан ақылды аппараттың қыр-сырын үйреніп келіпті.

Ержан Жұмабекұлы, рентген-лаборант:

- Өз тәжірибемді өткіздім, екеуі бірдей 128 срездік КТА аппараты. Сол жақта жоғары өзімнің оқуымды тәмәмдап келдім. Алдағы уақытта оқытып үйреткенге тағы мамандар келеді.

Ауданда компьютерлік томографиядан өту үшін жылына 600-700 адамға жолдама беріледі. Науқастар Алматы, Астанаға дейін сабылатын. Қазір өзекті мәселе шешімін тапты. Дегенмен енді шалғайдағы шаһарда инсульт орталығы ашылса деген тілек бар жұртта. Өйткені ауыр науқасты Өскеменге шұғыл жеткізу үшін тікұшақ шақыртуға тура келетін жағдай көп кездеседі.

Шакизат Жакупбаева, Зайсан аудандық ауруханасының бас дәрігері:

- Оларға терең деңгейде жоғары деңгейде медциналық көмек көрсетілу үшін біз науқастарды Өскемен қаласына санитарлық авиация арқылы жіберіп жатамыз,сол жағынан кішкене ауыртпашылық туындайды.Осы жағдайды ескеріп, өзіміздің осы ауданымызда 6 төсектік инсульт орталық ашылса деген жоспарымыз бар.

Күзде ауруханаға экспертті санаттағы ультра дыбыстық зерттеу аппараты да қойылуы мүмкін. Егер осы жоспардың бәрі жүзеге асса, медициналық мекеме дәрежесі бірден «Көпбейінді аудандық аурухана» деңгейіне көтеріледі.

Авторлары: Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов