Демографияны дамытуға жаңа қадам

Соңғы 20 жылда елдегі демографиялық саясат бағдарламасы жаңарған жоқ.

Сенат спикері Мәулен Әшімбаев осылай дейді. Оның үстіне демографияға жауапты дербес орган да, Үкімет жанынан құрылған ведомствоаралық комиссия да жоқ. Кейінгі он жыл ішінде халық саны 3 жарым млн-ға көбейді. Орташа өмір сүру ұзақтығы 74 жасқа жетті. Бұл зейнетақы жүйесіне және тұтас әлеуметтік қамсыздандыруға әсер етеді. Мемлекет халықты ең алдымен жұмыспен, медициналық қызметпен, баспана және біліммен қамтуы қажет. Сондықтан жаңа демографиялық саясатты қалыптастырудың маңызы барған сайын арта береді.

Тәуелсіздік жылдары халық саны едәуір артты. Атқарылған жұмыстар азаматтардың өмір сүру ұзақтығына да әсер етті. Иә, қазақстандықтардың 60 пайызға жуығы еңбекке қабілетті жастағылар. Алайда, мұның өзі көп жағдайда қуантарлық көрсеткіш емес. 

Тамара Дүйсенова, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:

- Халықаралық практикада халық қай өңірде көп тұратын болса, сол жерде шығарылатын өнім де жоғары, еңбек өнімділігі де жоғары болу керек. Бірақ біздің елімізде ерекше, оны да айта кетуіміз керек. Бізде оңтүстікте азаматтар көп. Бірақ Алматы қаласын есептемеген кезде 38 пайыз халық тұрады. Бірақ сол 38 пайыз ЖІӨ 17 пайызын ғана беріп отыр. Ал солтүстік өңірлердегі халықтың үлесі 28 пайызды құрап отыр.

Енді үкімет әр өңірдің әлеуетін жеке-жеке ескеріп, экономиканы диверсификацияламақ. Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова демографиялық саясатты басқарудың орта және ұзақ мерзімді мемлекеттік стратегиясын әзірлейтін уақыт жеткенін айтты. Қазір еңбек өнімділігі де барлық аймақта тең емес. Мысалы, ең жоғары көрсеткіш батыс өңірлерде тіркелсе, оңтүстікте 2 есе төмен. Демек, азаматтардың кәсіби біліктілігін арттыру маңызды. Бұл бағытта ауыз толтырып айтар шаруа көп. Алайда, сарапшыларды білімді де, білікті азаматтарымыздың шет елдерге көшуі алаңдатады.

Айгүл Сәдуақасова, «Қолданбалы этносаяси зерттеулер институтының» директорының орынбасары:

- Сыртқы көші-қон 2014 жылдан бері өсуде. Ол бір жағынан әзірге еңбек нарығында және әлеуметтік салада ішкі шиеленісті төмендетуде оң ықпалы бар шығар. Екінші жағынан - ұлттың адами капиталын жояды, жағдайды тұрақтандыру және экономикалық өсу үшін ұзақ мерзімді сынақ. жыл сайын елден тек жастартар емес, сонымен қатар орта буын өкілдері де шекара асуға бел буады. 

Бір ескерерлігі, елде 14 жасқа дейінгі жасөспірімдердің үлесі 30 пайызға жеткен. Болашақ солардыкі. Сол себепті, білім беру, денсаулық сақтау, басқа да қолдаулар көрсетіледі. Қазір әрбір 5-нші отбасы мемлекет қамқорлығын көріп отыр. Дегенмен, халық тығыз орналасқан аумақтарда әлеуметтік және экономикалық міндеттер жетерлік.

Серік Тәңірбергенов, ҚР ЮНФПА кеңсесінің репродуктивті денсаулық жөніндегі бағдарламалық сарапшысы:

- Әлеуметтік зерттеулерге сүйенсек, жастарымыздың қауіпсіз репродуктивтілік туралы білімі таяз. Салдарынан 15-19 жас аралығындағы қыздардың жүкті болып қалуы жиі кездеседі. Жастар арасында адамның иммун тапшылығы вирусын жұқтыру да азаймай тұр. 2017-2022 жылдары 15-19 жас аралығындағы науқастар саны 37-ден 69-ға дейін өсті.

Елде отбасылық, гендерлік және демографиялық саясат мәселелері бойынша ғылыми-зерттеу ұйымдарының Консорциумы құрылды. БАҚ-та отбасы құндылықтары, тұрмыстық зорлық-зомбылық, бала тәрбиесі, демография жайы жиі жарияланады. Отбасын қолдау, ажырасудың алдын алу сынды мәселелерді де Ұлттық комиссияның жіті бақылауында.

Аида Балаева, ҚР Президентінің жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрағасы:

- Бүгінде еліміздегі бірде-бір университет демограф мамандар дайындамайды. Қазір комиссия мүшелері ұлттық университет базасында, шетелдік мықты ғылыми орталықтармен бірлесе отырып, «Демография» мамандығы бойынша магистратура ғылыми дәрежесін оқыту мәселесін қарастыруда. Әрі қарай Ғылым және жоғары білім министрлігі бұл саланы өңірлік жоғары оқу орындарының базасында дамытуы керек. Себебі, демография саласында сапалы мамандар даярлау – еліміздің демографиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызды шарттарының бірі.

Қазір Сенат Көші-қон туралы жаңа заңды пысықтап жатыр. Спикер Мәулен Әшімбаев демографиялық жағдайды ескере отырып, әлеуметтік, транспорттық және инженерлік инфрақұрылымның да тиісті деңгейде дамуын қамтамасыз ету керек дейді. Ауылдарда адам санын сақтап қалу да – стратегиялық мақсат екенін ескертті.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:

- Кейбір өңірлерде әлеуметтік-демографиялық және экономикалық теңгерімсіздіктің сақталуын да сын-қатерлердің бірі ретінде атап өткен жөн. Бүгінде оңтүстік, батыс аймақтарда және мегаполистерде халық саны айтарлықтай өсіп келе жатыр. Ал солтүстік аймақтарда, керісінше, азаю үрдісі байқалады. Соңғы жылдардың ішінде Солтүстік Қазақстан, Павлодар және Қостанай облыстарында халық саны азайған. Бұл ретте оңтүстіктен солтүстікке ерікті түрде қоныс аудару бағдарламасы күтілген нәтижені бермегенін мойындауымыз керек.

Болжамға сай, демографияның және көші-қонды дамытудың қазіргі тенденциялары сақталатын болса, 2050 жылға қарай елдің оңтүстік өңірлерінде халық саны 5,2 миллионға артады, ал солтүстікте керісінше 1 миллион адамға қысқаруы мүмкін. Демек, демографиялық дамудың жаңа тұжырымдамасын түзу қажет. Саламен айналысатын бір ғана мемлекеттік орган айналысуы керек.

Авторлары: Мерей Мұратханқызы, Руслан Әлиев