Светлана Жақыпова Павлодарда облыс активімен кездесті

Елімізде әлеуметтік кодекс бойынша халықты  әлеуметтік қолдау шаралары күшейтіледі.

Бұл ретте екі қолға бір күрек таба алмай жүргендерді жұмысқа орналастыруға ерекше назар аударылады. Павлодар жұртшылығына Мемлекет басшысының әлеуметтік-еңбек саласындағы тапсырмаларын іске асыру туралы айтылды. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова облыс активімен кездесті. Ведомство басшысы Павлодардағы  Мансап орталығының жұмысымен де танысты. Жақында бұл мекеме жұмыс механизмін өзгерткен  еді. Қазір онда қызметкерлердің жұмысы мүлдем басқаша бағаланады. Жалақыны есептеу кезінде жұмысқа орналастырылған адамдардың саны ескеріледі. Әлеуметтік қызмет көрсету сапасын жақсарту  халықты  жұмыспен қамтуды  25 пайызға дейін арттыруға мүмкіндік береді, дейді ондағы мамандар. Мұндай тәжірибені еліміздің бірнеше өңірінде енгізу жоспарланып отыр.

Лариса Нұрсейітова, мансап орталығы директорының м.а:

- Бізде инженерлік-техникалық мамандықтарға сұраныс жоғары. Инженер, энергетик, жылу энергетиктері, слесарьлар мен жөндеушілер. Кәсіпорындарда қызмет ететін ескі құрамды жас кәсіп иелері  алмастыруы қажет. Сондықтан жастарды тартуға тырысамыз. Оларды жастар  тәжірибесі арқылы да бағыттаймыз. Жұмыс тиімдігін арттыруға бар күш-жігерімізді саламыз

Светлана Жақыпова, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:

- Біз мемлекеттік жоспарлау жүйесін өзгерткіміз келеді. Жоспарлау кезеңінде  еңбек ресурстарын  іске асырудың кезеңдерін білуіміз керек. Мысалы, жайлы мектеп  саламыз. Біз оны үш кезеңге бөлеміз. Бірінші кезең жобалау, екінші кезең құрылыс, үшінші кезең өнеркәсіптік пайдалану. Бір жарым жылдан кейін құрылыс басталады. Яғни жұмысшы мамандықтары қажет болады, ал өнеркәсіптік пайдалану кезеңінде өндірісті бастау үшін бізге мұғалімдер керек.  Осы нәрселер жобаға енуі тиіс.