Қарағанды облысында газ жарылысынан көз жұматындар көбейді

Газдың пайдасы қаншалықты көп болса, қаупі де соншалықты артып барады, деп хабарлайды 24KZ.

Қарағанды облысында былтыр газ баллонын дұрыс пайдаланбау салдарынан 4 адам мерт болса, биыл жыл басталар басталмастан 3 өлім жағдайы тіркелді. 8 адам жарақат алған. Мұндай қайғылы жағдайлардың жиілеуіне не себеп?

Осыдан аз уақыт бұрын Бұқар жырау ауданының орталығы Ботақара кентіндегі тұрғын үйде газ баллоны жарылды. Оқыс жағдайдан ерлі-зайыптылар көз жұмды. Кейін ауруханаға ауыр жарақатпен түскен тағы бір ер адам жан тапсырды. 2 қабатты үй қайта жөндеуге мүлде жарамайды. Осылайша, айдың-күннің аманында 12 отбасы баспанасыз қалды.  

Нариман Бұхтаев, облыстық ТЖД басқарма басшысының орынбасары:

- Тұрғындар газ баллонын пайдалануда қауіпсіздікке немқұрайлы қарайды. Рұқсат етілмеген жерлерден толтырып алады. Тәртіп бойынша баллондарға сығымдалған газ 80%-ке дейін толтырылуы керек. Бірақ көп жерде арнайы құралдары жоқ болғандықтан, аузы-мұрнына дейін құяды.

Облыс бойынша тек 10 компанияның газ баллонын толтыру қызметімен айналысуға рұқсаты бар. Себебі оларда барлық қауіпсіздік талаптары сақталады. Станцияларды тексерумен Өндірістік қауіпсіздік департаменті айналысады. Дегенмен соңғы рет тексеріс осыдан 2 жыл бұрын жүргізілген. Қайғылы жағдайлардың жиілеуіне байланысты мамандар жақында рейдтік шараларды күшейтпек.

Нұрмағамбет Ештаев, Өндірістік қауіпсіздік комитеті департаментінің бөлім басшысы:

- Департаменттің негізгі жұмысы, газ құю бөлімшелерінде тексеріс болады, сонда біз олардың баллонды тех. куәліндіруден өткізілгені, басқа да жұмыстар болғаны туралы қарай аламыз.

Тұрмыстық баллондардың пайдалану мерзімі – 30 жыл. Алайда 50 жыл бойы қолданылып келе жатқандары аз емес. Көпқабатты тұрғын үйлерде баллондарды ұстауға тыйым салынғанымен, іс жүзінде оған көпшілік пысқырып та қарамайды. Себебі аты бар да, заты жоқ бақылауға жұрт бой үйретіп алған.

Бейбіт Жұмабеков, Қарағанды қалалық мәслихатының депутаты:

- Ең бірінші, заңға өзгерту енгізуді талап етеді, газ және газбен қамту заңы бойынша. Заң бар, бірақ әлі де өзгеріс керек, бірақ онда құзыреттілік жоқ. Кім тексере алады, кім хаттама толыру бойынша дегендей, осындай қадағалау, бақылау функциясы керек екенін түсініп отырмыз.

Ал қауіпсіздік ережелерін сақтамағандарды әкімшілік жазаға тарту үшін тұрғын үй инспекциясына ресми түрде шағым түсуі керек. Жай шағым емес, фото не видео айғағы қоса болуы тиіс.

Дәуренбек Бағдәулетұлы, тілші:

- Осылайша, газ баллонын көпқабатты үйде пайдаланатыны расталса, пәтер иесіне 15 мың, ал кәсіпкерге 74 мың теңге айыппұл салынады. Қауіпсіздіктің құны осындай болған соң тәртіптің түрі қандай екенін бағамдай беріңіз, – дейді жауапты мамандар. Ал ТЖ қызметкерлері болса қауіпсіздік мәдениетін әркім өзінен бастап қалыптастыратын кез келді деп отыр. 

Авторлары: Дәуренбек Бағдәулетұлы, Сайран Ақамбаев, Зарина Зұлпыхар.