«Жеті ата» дәстүрі ұлт саулығын сақтайды

Қазақтың жеті атадан жаңылмауы – ұлт саулығының кепілі.

Ал кейінгі жастар үшін рулық, аталық, туыстық құндылық қаншалықты маңызды?

Бүгінгі қосылған екі жас бір-бірінің жеті атасын сұрай ма? Мұның маңызын біле ме?

Қазақ бірлігін сақтады. Өйткені үлкенін тыңдады. Бір жолмен жүріп дәстүрге берік болды. Сосын өмірге салауатты ұрпақ әкелді.

Балқия Әбдрахманова, Астана медицина университетінің медициналық генетика кафедрасының аға оқытушысы:

- Қазіргі кезде шетелдің ғалымдары осы қазақ популяциясын зерттеуге өте көп қызығушылық танытып жатыр. Бізде қазақтарда 7 атадан аспай үйленуі оның қанының тазалығын көрсетеді. Қазақтың ұлт екенін анықтауға мүмкіндік береді.

Жеті атаға дейін қыз алмау берік дәстүр еді. Қанның тазалығы деннің саулығы ғана емес, сананың да дұрыстығы үшін қажет-ті. Бірақ қазір заман басқа.    

Жамбыл Артықбаев, тарихшы:

- Мынау ру не болмаса 7 ата деңгейіндегі құрылымдар бар ғой. Туыстық құрылымдар. Соларды сақтап қалу үшін керек. Егер де оның ішінде неке болатын болса, ол қауым бұзылады. Бөлініп кетеді.

Зарина Кәп, тілші:

- Жеті атаға толмай қыз алыспау – келер ұрпақтың денінің саулығы мен қанының тазалығына мән берген бағзыдан бергі қағида. Бұрындары Тәуке ханның «Жеті жарғысында» жазылған дала заңына қайшы келген екі жасқа өлім жазасына дейін үкім шығарылған. Сол кездегі билікті мұндай қаталдыққа баруға итермелеген не? Мұның мәнісі қандай? Ал бүгінгі ұрпақ бұл туралы не біледі?

Қазақ неге жеті атадан асырып қыз алғанын көпшілік біледі. Бірақ оны жастар ұға ма? Бүгін алып ұшқан көңіл ертеңгі күнді ойлай бермейді. Сол қиын.

Балқия Әбдрахманова, Астана медицина университетінің медициналық генетика кафедрасының аға оқытушысы:

- Мысалы, олардың гендері ұқсас болғандықтан, бірінші ұрпағында ол ауру рецессивті, көрінбей тұрған гендердің жиілігі 50% құрайды. Ал екінші, үшінші, жетінші аталарға келгенде осы гендердің көріну жиілігі 1%-ке жетеді. 7 атада ген жаңарады.

Ал 1-2 атадан үйленген отбасында сау баланың дүниеге келуі сирек. Көбі даун, патау сынды тұқым қуалайтын аурулармен туады. Ең қиыны, оларға ем жоқ. Жазылмайды.

Жамбыл Артықбаев, тарихшы:

- Мына отырықшы елдерде жеті ата деген жоқ. Сарт қауымдарында, ирандықтарда жоқ. Неге десеңіз, олардағы туыстық жүйе көршілік жүйеге бағынады. Ал енді біздің дәстүрімізде ол туыстық жүйеге бағынады.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша жыл сайын 240 000 шақалақ туғаннан кейін 28 күн ішінде шетінейді. Бұдан бөлек, бір айдан бес жасқа дейінгі 170 000 бала қайтыс болады. Бұлардың барлығы – туыс адамдардың өзара некелесуінен туындаған жағдай. Мұның сыртында мыңдаған бала мүгедек болып туады.

Авторлары: Зарина Кәп, Ерлан Наурызбаев.