СҚО-да күні құдыққа қараған 200 ауыл бар

Солтүстік Қазақстан облысындағы 200 ауылда орталық су жүйесі жоқ. Өңірде әлі күнге отыз мың адам тіршілік нәрін құдықтан тасып ішеді, деп хабарлайды 24KZ.

Айдарбек Айтмұхамбетұлы, тілші:

- Бірлік ауылы тура Есіл өзенінің бойында орналасқан. Елді мекеннің маңайында 10-нан аса бұлақ көзі бар. Бірақ ауылдың өзінде орталықтандырылған су жүйесі жоқ. Тұрғындардың күні құдыққа қарап отыр.

Бейбіт Қапаров Бірлік ауылында туып өсті. Көпті көрген қария өмір бойы құдықтың суын ішіп келеді. Оған еті де үйреніп кеткен. «Тек қыстың күні қиындау», – дейді зейнеткер.  

Бейбіт Қапаров, Бірлік ауылының тұрғыны:

- Қыстың күні масқара, міне. Кейде шығамыз, кейде құдық та қатып қалады. Ұмытып кетсең, бітті, қатты. Сол үшін үйге кіргізген дұрыс, міне. Қазір бізге ауылда су бар деп мақтанбау керек. Қазіргі ХХІ ғасырда әр үйде болған дұрыс қой. Тартып берсе, үйге кіргізсе, қандай жақсы.

Мұндай құдық әр үйде бар. Тіршілік нәрі 10 метр тереңдіктен шығады. Бұл бір ғана Бірліктің жағдайы емес. Іргелес Жаңажол, Жаңаталап, Кеңес ауылдары да осындай күн кешіп отыр. Осы 4 елді мекенді сапалы ауызсумен қамту үшін республикалық бюджеттен 2 миллиард теңгеге жуық қаражат бөлінген. 

Рүстем Марқасарин, Шал ақын ауданының сәулет, құрылыс, ТКШ, жолаушылар көлігі мен автомобиль жолдары бөлімінің басшысы:

- Биыл Бірлік, Кеңес, Жаңажол, Жаңаталап ауылдарына су тартылады. Бұл елді мекендерге сорғы станциялары мен ауызсу резервуарлары салынып, көшелерге құбырлар тартылады. Қазір жұмыстың басым бөлігі аяқталды.

Биыл облыс бойынша 100 ауылға сапалы ауызсу тартылады. Ол үшін 23,5 млрд теңге бөлінген. Алайда мұнымен мәселе түбегейлі шешілмейді. Мыңдаған адамның күні сол баяғы қара құдыққа қарап қала бермек. 

Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Қуаныш Қазбеков.