Әйелмен әлем әдемі

«Ананы ардақтап, қыздарды қадірлеу – қанымызға сіңген асыл қасиет».

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халықаралық әйелдер күніне арналған мерекелік шарада осылай деп, елдегі нәзікжандарды құттықтады. Әрдайым қолдау көрсететінін жеткізіп, алғыс та айтты.

Президент пейілін естіген арулар да мәз-мейрам. Олар әсерлі кештің куәгері болды. Бір парасы шарада «Ару-Ана» байқауының жеңімпазы атанды.

Бекзат Аманов, тілші:

- Әйелмен әлем әдемі. Бұл сөзді күннің көрігін кіргізген құшағы гүлге, жүзі күлкіге толған мына арулар айғақтап тұр. Кешке саясаттағы лауазымды тұлғалар да, ел алдында жүрген арулар да, көпбалалы аналар да келді. Барлығының көңілі тоқ, мәре-сәре.

Иә, кешке келгендердің қарасы қалың болды. Ошақ басындағы аналар да, саяси шешімдерді қабылдауға атсалысып жүрген арулар да құрмет төрінен көрінді.

Блиц:

- Көңіл-күйіміз әрине керемет. Енді мына жерде жаман деп айтудың өзі күнә шығар. Міне, көріп отырсыздар, керемет атмоссфера әйелдер үшін бүкіл жағдай жасаған ғой. Бұл жерге келіп бейбітшілік заманымыз мәңгілік болса екен деп ғана тілейміз.

- Мен қарғандыдан келіп отырмын, көп балалы анамын. + Президент өзі арнайы құттықтау жіберді. Көпбалалы отбасыларға мектепте тегін тамақ бьеріледі, жолақы билет тегін. Балабақша да 50 пайыз ақшасын төлеп береді. Үй кезегіне тұратын кезде де көп балалылардың жеке кезегі бар. Қамқорлық көп.

Салтанатты жиын да көп күттірмей басталды. Алдымен, мемлекет басшысы мінберге шығып, кешке қатысқан әйелдер қауымын мерекемен құттықтады. Өз сөзінде «Бұл – сұлулықтың, мейірім мен жылулықтың символына айналған мереке», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Нәзік жандарға деген біздің ықыласымыз, ілтипатымыз әрдайым ерекше. Жалпы, әйелді құрметтей білген қоғамды мәдениетті, өркениетті қоғам деуге болады. Дана халқымыз қашанда анасын ардақтап, аруларын сыйлай білген. Қыздарын қадірлеп, төріне шығарған. Бұл – ежелден қанымызға сіңген асыл қасиет.

Қазақ жерінде арулар әрдайым құрметке бөленген. Мұны тарихтағы батыр әрі дана аналардың көптігінен білуге болады. Салтанатты шара барысында Президет Тұмар мен Бопай ханым, Айғаным сынды арулар ер азаматтармен бірдей ел ісіне араласқанын еске салды. Бойынан сұлулықпен қатар даналық, өжет мінез табылған қыз-келіншектер де жетерлік. Қазіргі арулар да осы жолды абыроймен жалғастырып, елдің дамуына елеулі үлес қосып жүр.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Менің бастамаммен өкілді билік саласында сіздерге арнайы квота бөлінді. Қазіргі таңда Парламент пен мәслихаттардағы әйелдердің үлесі артты. Бұл жұмыс жалғаса береді. Қыз-келіншектер Отанымызды дамытуға елеулі үлес қосып жатыр. Өз кәсібін дөңгелетіп жүрген белсенді әйелдеріміз аз емес. Сондай-ақ өндірісте, ғылымда және спортта табысқа жеткен аруларымыз көп. Қазақстандағы ұстаздардың басым көпшілігі – әйелдер. + Қазақстанның көркеюіне елеулі үлес қосып жүрген осындай жандар зор құрметке лайық. Бұл – керемет үрдіс.

Расымен, әйелдер елдің саяси шешімдеріне белсене атсалысуда. Бұл – талай түйіткілді тарқатуға ықпал етті. Аруларға берілген мүмкіндікті жаһан сарапшылары да жоғары бағалайды. Енді қазір әйел құқығына қатысты ауқымды бастамалар көтеріліп, олардың талап-тілегі құқықтық тұрғыда бекітіліп жатыр.

Жұлдыз Сүлейменова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Саясатқа шын мәнінде ықпалды әйелдердің келуі олардың кәсіби деңгейі мен біліктілігіне тікелей байланысты. Егер әйел азаматтар парламентте немесе мемлекеттік саяси шешімдерге қатысуы мен ықпалын көбейтетін болса одан қазақ ұлы ұтады деп ойлаймын.

Әрі қарай Президент «Ару-Ана» үздік әйелдер жобасы байқауының жеңімпаздарын марапаттады. Әлеуметтік маңызы бар жобаларды жүзеге асырып, азаматтық қоғамның дамуына елеулі үлес қосып жүрген алты қыз-келіншек тұғырдан көрінді.

Соның бірі – Ботагөз Арқашбаева. Жаны нәзік болса да, ауыр саланы таңдаған оның бастамасы "агробизнестегі үздік жоба» атанды. 10 жылға жуық ешкі бағып, мал шаруашылығын дөңгелетіп отыр. Қазір асыл тұқымды ешкі сүтін терең өңдеумен айналысады. 1 айда 2 тоннаға дейін өнім алады. Оны негізінен ел ішінде, кейде шетелге сатады.

Ботагөз Арқашбаева, байқау жеңімпазы:

- Әрине бұл жеңіс, көптеген еңбектің жемісі деп ойлаймын. Бірақ бұл маған мерекедегі үлкен сый болды. Мен мұны күткен жоқпын. Бірақ осындай еңбекті елеп жатқанына, құттықтап жатқанына өте қуаныштымын. Бұл жасалып жатқан жұмысқа деген үлкен мотивация. Демек, бұдан да үлкен жетістіктерге жетуге болады.

Бұл марапат - әр салада ер азаматтармен үзеңгілес болған әйелдерді ілкімді іске үгіттейтіні анық. Жеңімпаздар еңбекті еселеп, ел үшін аянбай тер төгетіндерін жеткізді.

Ал марапаттан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев мерекелік концертті тамашалады. Арулар құрметіне әсем ән мен тәтті күй шырқалды.

Авторлары: Бекзат Аманов, Ержан Қанапияұлы