Деректердің таралуы алаңдатады

Кейінгі бір аптаның өзінде 1 жарым мың тұрғын жеке деректерінің таралғандығына шағымданды.

Азаматтар дербес мәліметтерінің қатаң қорғалуын талап етіп жатыр. Сарапшылар ақпараттық қауіпсіздікті күшейту, әрі осы сипаттағы кез келген жағдай үшін жауапкершілікті қатаңдату қажеттігін алға тартады. Бүгінде жеке деректерді таратқандар тек айыппұл төлеумен құтылып келеді.

Айта кетейік, таяуда шағын қаржы ұйымының 2 млн клиентінің құпия мәліметтері тарап, жалпыға қолжетімді болмауы тиіс ақпарат пен несие жайындағы мәліметтері интернет кеңістігін торлады. Қазір бұл оқиға бойынша тексеріс жүріп жатыр.

Виталий Перов, Кибершабуылдарды талдау және тергеу орталығының сарапшысы:

- Мемлекеттік жүйенің көптеген мәліметтері жария болып кетті. Алаяқ топтардың көбі ТМД елдерінде тұрып жатыр және олар потенциалды адамдардың қатарын зерттеп үлгерген. Тіпті қанша қаржысы барын, қаржылық сауатының бар-жоғын біледі. Мұндай топтар әр адам бойынша жеке дара мәлімет жинайды. Егер хакерлер көбейе берсе және оларға қарсы ешқандай шара қолданылмаса, әрекетін жалғастыра береді. Айыппұл мардымсыз, қылмыстық жауапкершілікке тартылмауы мүмкін.