Ақмола облысында тасқын судан қауіп сейілмей тұр

Жабай өзенінің көтерілуінен Атбасар мен Сандықтау аудандарындағы жағдай күрделі.

Қазір өзен бойындағы 167 үйді су басу қаупі бар.

Абзал Балтабаев, тілші:

- Дәл осы Жабай өзені соңғы рет 2017 жылы арнасынан тасып, 500-ге жуық үйді су басып қалып еді. Биыл да жүздеген үйге қауіп төндіріп отыр. Сондықтан облыстың негізгі төтенше жағдай қызметі қазір Атбасар қаласына жұмылдырылған.

Күн жылыған сайын Жабай өзеніндегі қауіп күшейе түседі. Қазір 200-ге жуық құтқарушы өзен жағасындағы бөгеттерді нығайтып, арықтарды қардан тазартып жатыр. Жамбылдық құтқарушылар да осында жүр. 

Ерболат Әшкенов, Атбасар аудандық ТЖБ бастығы:

- Осы қосымша келген күштер қаптарды құмға толтыру, олармен қала аумағындағы бекеттің айласын қоршау, осал жерлерін бекіту жұмыстарымен айналысып жатыр. Сондай-ақ, аудандық штабқа келіп түскен өтінімдерді мотопомпа арқылы орындап жатыр.

Биылғы қардың қалыңдығы былтырға қарағанда екі есе көп. Осы күнге дейін қаладан 140 мың текше метрден астам қар шығарылған.

Аманбек Қалжанов, Атбасар ауданының әкімі:

- Бөгет ұстай ма, ұстамай ма үлкен күмәніміз бар. Өйткені Жабай өзенінде екі есе көп. 87 үйді су басу қаупі бар. Бірақ оларға хабарлама бердік. Яғни су ауданға кіріп, жағдай нашарласа оларды алты сағатта көшіреміз. Ол үшін 2 эвакуациялық пункт әзірленді.

Дәл осындай жұмыстар Зеренді мен Сандықтау аудандарында да іске асып жатыр. Себебі Зерендіден басталатын Жабай өзені Сандықтау арқылы ағып, Атбасарға келіп құяды. Бұл өңірлерде су деңгейін бақылайтын гидробекеттер орнатылған.

Қайрат Омаров, Сандықтау ауданы әкімінің орынбасары:

- Қазір жағдай қалыпты. Ормандағы қардан қауіптеніп отырмыз. Сәуірдің 10-на таман қар жаппай ери бастайды. Қазір аудан бойынша 100-ге жуық адам мен 20 мотопомпа дайын тұр.

Қазір Жабайды тереңдету жобасы әзірленіп жатыр. Оған шамамен 23 млрд-қа жуық теңге қажет. Әзірге жобаның қашан мақұлданатыны белгісіз. Жалпы облыс аумағында су тасқынына қарсы 700-ден астам адам мен 300-ге тарта техника жұмылдырылған. 54 мың қап инертті материал дайындалып, ұзындығы үш жарым шақырым болатын жаңа бөгет салынды.

Авторлары: Абзал Балтабаев, Евгений Шинкаренко