Тұрғындар қауіпсіз жерге көшіріліп жатыр. LIVE

Атырау облысы Жылыой ауданындағы жағдай күрделі.

Қазір аудан орталығы Құлсары қаласының шеткі ықшам аудан тұрғындары, қауіпсіз аймаққа көшіріліп жатыр. 

Асланбек Шығыр, тілші:

Аудан орталығы Құлсары қаласында Құрсай өзегі арнаны жырып, қазір су жайылып жатыр. Орталық стадион, базар маңына су шығып кетті. Дегенмен судың жайылуына жол бермей, еріктілер, төтенше жағдайлар қызметкерлі дамылсыз жұмыс істеуде. Қарағай елді мекен мен Болашақ ықшам ауданы суда қалып, тұрғындар бүгінде №1 мектепке эвакуацияланды. Қазір онда 122 Қарағау ауылының тұрғыны, сондай-ақ 138 қала тұрғыны орналасқан.

Салидат Табылдиева, Қарағай ауылының тұрғыны:

- Отбасымызда 8 адам. Бүгіннен бастап осы мектепке көшіп келдік. Жалпы ауылымызға су келмейді деп ойладық. Шетімен кетеді деп ойладық. Судың қатты ағысы болғандықтан осы 1 мектепке көшіріліп келдік. Біз сол негізі Қарағайда тұрамыз барлығымыз.

Эвакуацияланған ауыл тұрғындарын сол орналасқан жерінде тамақтандырып жатыр. Аудандық әкімдік тарапынан да көмек көрсетілуде. Қазір Жадырасын, Аэропорт ықшам аудандарын су басып жатыр. Тұрғындар қалған аумақты сақтап қалу үшін жұмылып жұмыс істеуде.

Қазір 4 мыңнан аса қала тұрғыны, төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері, сондай-ақ 321 сарбаз жаға бекіту жұмыстарымен үздіксіз, күндіз-түні айналысып жатыр. Жергілікті кәсіпкерлер де жұмысшыларға ыстық тамақ тасып, қол ұшын созып жатыр. Теңіз кен орнында жұмыс істейтін аудан тұрғындары 5 күнге ақысы сақталатын демалысқа жіберіліп, қазір жаға бекіту жұмыстарына жұмылдырылды. Аудан бойынша 16 қауіпті аймақ белгіленген. Ол жерлерде бөгеттерді нығайту жұмыстары тоқтаусыз жүріп жатыр. 121 техника жұмыс істеуде.