Су тасқыны: волонтерлерден көмек көп

Бүгінге дейін елде 378 мың тонна гуманитарлық көмек жиналды, деп хабарлайды 24KZ.

280 мыңы тасқыннан зардап шеккен өңірлерге жеткізілді. Оны зардап шеккендерге табыстауға еріктілер де атсалысып жатыр. Бұдан бөлек, Атырау облысындағы жағаларды бекітуге 5 мың волонтер жұмылдырылды. Ал БҚО-дағы еріктілер тобы 500 елді мекеннің тұрғындарын қауіпсіз жерге көшірісті.

Су тасқынының алғашқы күнінен бастап Мәдениет және ақпарат министрлігі Ұлттық волонтерлік желімен, және волонтерлік ұйымдармен бірлесіп, «Күшіміз бірлікте» акциясын жариялады. Қазір өңірлердегі фронт-офистердің базасында волонтерлік штабтар құрылып, 20 мың адам тартылған.

Гүлбара Сұлтанова, ҚР МАМ Азаматтық қоғам істері комитетінің төрағасы:

- Сонымен қатар әр өңірде медиаволонтерлер жұмыс істейді, олар өңірдегі су тасқыны жағдайы туралы халықты хабардар етеді. Еліміздің 13 өңірінде гуманитарлық көмек жинау пунктері ашылды. Гуманитарлық көмек жинау алгоритмдерін түсіндіру үшін жедел топ құрылды.