Су басқан өңірлерге мемлекеттік резервтен көмек бөлінді

Мемлекеттік материалдық резервтен су басқан өңірлердегі 15 мыңнан астам адамға 1 млрд 474 млн теңгеге көмек көрсетілді, деп хабарлайды 24KZ.

Атап айтқанда, Қостанай, Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Солтүстік және Батыс Қазақстан облыстарына 51 бірлік арнайы техника тартылып, тұрғындар төсек-орын жабдықтарымен қамтылды. Мемлекеттік материалдық резервтер комитеті мен «Резерв» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының мамандары тәулік бойы жұмыс істеп жатыр. Әкімдіктердің өтінімдерін қарастырып, сұратылған тауарлар жөнелтілді.

Руслан Ормағамбетов, Мемлекеттік материалдық резервтер комитеті төрағасының орынбасары:

- Бұдан басқа, Шығыс Қазақстан облысында су тасқынына байланысты төтенше жағдайлардың алдын алу үшін осы өңірлердің әкімдіктерімен мемлекеттік материалдық резервтен қажетті тауарларды шығару мәселесі қаралып жатыр. Мемлекеттік материалдық резервтен берілетін техника мен тауарлар осы төтенше жағдайды жою үшін жаңа, заманауи және қажетті тауарлармен жабдықталған.