Жайық өзені көтерілді. LIVE

Атырау облысында Жайық өзенінің деңгейі 55 сантиметрге көтерілді.

Бұл туралы «Қазгидромет» мекемесінің облыстық филиалы мәлімдеді. Бүгінде барлық күш облыс орталығын аман алып қалуға жұмылдырылған. Жайық өзенін бойлай қоныстанған елді мекендердің барлығында тасқыннан қорғану жұмыстары жедел жүріп жатыр. 

Арыстанбек Кенже, тілші:

- «7 сәуірде Ресейдегі Иректі су қоймасынан жіберілетін су көлемі 1670 текше метр болады» делінген хабарламада. Ағынды су енді төмен құлап Атырау облысына қауіп төндіретіні анық. Осыған орай Индер, Махамбет аудандарында және Атырау қаласында қауіпсіздік шарасы қолға алынды. Атырау қаласы бойынша 15 шақырым бөгет тұрғызылды. Бос топырақты су шайып кетпес үшін құм толтырылған қаптармен бекітілді. Қазір жағалауда 370 мыңнан астам қапшық дайын тұр. Атырау қаласы бойынша су басу қаупі жоғары 5 мөлтек аудан мен 7 елді мекен бар.

Бұған дейін облыстың 2 ауданында Ойыл және Жем өзендері тасып, 2500 үйді су басып қалғаны белгілі. Мыңдаған отбасы баспаналарын тастап шықты. Осындай жағдай Атырау қаласында қайталанбасы үшін барлық күш облыс орталығын аман алып қалуға жұмылдырылуда. Бүгін Атырауға Үкімет басшысы Олжас Бектенов келді. Премьер-Министр түске дейін су басқан аймақтарды аралап кетті. Сонан соң облыстық штаб отырысы өтеді. Егер қажет болса, Атырау қаласы бойынша төтенше жағдай жариялануы мүмкін.