Қобда ауданына 60 волонтер көмекке келді

Ақтөбе облысында су тасқынынан зардап шеккен Қобда ауданында 60 волонтер жүр.

Олардың қатарында жастар, қоғамдық ұйым мен мемлекеттік мекеме өкілдері де бар. Еріктілер тұрғындарға азық-түлік, киім-кешек және өзге де қажетті заттарды жеткізіп жатыр. Гуманитарлық көмек тек облыс орталығынан ғана емес, елдің басқа да өңірлерінен келіп жатыр. 

Разия Ғалиева өткен аптадан бері тасқынға қарсы тұрған құтқарушылар мен үйлері суға кеткен тұрғындарға көмектесіп жүр. Қобда аудандық іскер әйелдер қауымдастығының жетекшісі әр күнін гуманитарлық көмек қабылдау пунктінде өткізеді. Азық-түлік, киім-кишек және өзге де қажетті заттарды бөліп-жеткізуді қадағалайды.

Рәзия Ғалиева, ерікті:

- Бүкіл адамдарға көмек беріліп жатыр. 264! Сол кісілер күнделікті азық-түліктерін, киімдерін, мектепке де. Жан-жаққа, бүкіл Қазақстан бойынша бізге көмек келіп жатыр. Алла разы болсын. Бірақ, сол кісілерге күнделік гуманитарный помощь алынып жатыр.

Қазір Қобда ауданының орталығында 60 волонтер бар. Осындағы екі  эвакуациялық пункте 72 адам орналастырылған.

Бәтима Толыбаева, Қобда ауылының тұрғыны:

- Жатқан жерім жақсы, тамағын беріп жатыр, жылы. Денсаулығыма шағымданбаймын. Бірақ, үйім аманшылық болсын. Осы апат қайтадан келмесін.

Қобда су тасқынына орай төтенше жағдай жарияланған облыстағы бес ауданның бірі. Қарғын су 290 үйге кіріп, алты ауылдағы 1200-ге жуық адам эвакуацияланды. Қобда өзені тасып, көлтабанның толуынан ондаған баспана су астында қалды.

Зәуреш Сапақова, Қобда ауылының тұрғыны:

- Былтыр мына балалардың арқасында үлгеріп шығарып алдық. Сосын биыл ерте кеттік енді. Биыл енді комиссия келеді деп тұрмыз, су кеткен шақта келетін шығар. Былтыр да келіп қарады ғой біздің үйлерді.

Арнайы комиссия шығын көлемін анықтауға кірісті. Енді таяу күндері бүлінген мүліктерді есептейтін бағалаушылар келеді.

Ізгілік Тынымгереев, Қобда ауданының әкімі:

- Қазіргі таңда 191 зардап шеккен үйдің құжаттары қабылданды. Техникалық зерделеу келісім-шартқа отырып, бүгінгі таңда 58 үйді жарамдылығы бойынша тексеріп шықты. Жұмыс әлі жалғасын жүргізіп жатыр.

Қазір тасқыннан зардап шеккендер біржолғы төлем алу үшін өтініш беріп жатыр. Әзірге бұл тізімде 110 адамның аты жазылған.

Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Болатбеек Молдағалиев