Талапкерде жағдай тұрақты

Құтқарушылар да, жергілікті билік те, халық та кірпік ілмей тасқынмен күресіп жатыр.

Елорда іргесіндегі Талапкер ауылына да қауіп төнген еді. Бірақ ұйымшылдықтың арқасында біраз шаруа атқарылып, жағдай тұрақталды. Ауылда айнала үш шақырымдай жасанды бөгет тұрғызылған. Су кірген 26 аула да құрғатылды.

Осыдан 4 күн бұрын Елорда іргесіндегі Талапкер ауылын су басқан еді. Еріген қар суы елдімекен бойымен өтетін тереңдігі 4 метрлік жасанды каналды толтырып, одан сыртқа жайылған. 26 аулаға су кіріп үлгерген. Мамандар каналдың су бұзған бөлігін бітеді. Жедел әрекеттің нәтижесінде қауіп сейілді. Бұған жергілікті халықтың да ұйымшылдығы ықпал етті.

Ерік Жиенбеков, Ақмола облысы целиноград ауданы әкімінің орынбасары:

- Кеше төтенше жағдай болған кезде, 200-ден артық ауыл белсенділері қатысты. 12 Камаз болды. 120-дан астам ТЖД қызметкері болды. Талапкер ауылының азаматтарына көп рахмет. Тез-тез ұйымдастырып, жұмыстарын тез жасап, 100-ге тарта инерттік материал алып келді. Қазіргі уақытта ахуал тыныш.

Қазіргі уақытта жасанды канал нығайтылған. Аулалардағы су сорылды. Мамандар ешкімнің мүлкіне залал келмегенін айтады.

Ерлан Молдаханов, Ақмола облыстық ТЖД бастығының орынбасары:

- Аулалардан су түгел сорылды. Жеке құрам штаттық режимдегі жұмысқа көшірілді. Талапкер ауылы арқылы өтетін каналдар да қалыпты жұмыс істеп тұр.

Талапкерліктер жағдайды барын о баста ескерген. Көршілес елдімекендердегі ахуалды алдын ала бақылап отырғанын айтады. Өйткені бұл аумақта көктем сайын қауіп күшейеді.

Айжан Шәріпова, Талапкер ауылының тұрғыны:

- Біз дайындалдық. Бірнеше күннен бері 10 мың қапты толтырдық. Кәсіпкерлер мен мектеп-балабақшалар бізге қап беріп көмектесіп жатыр. Қолынан келген көмекті ешкім аямай жатыр. Өйткені, қап, құм, техникадан бөлек, адамның күші де өте маңызды. Міне біз өзіміздің бір екенімізді тағы дәлелдедік. 

Күшіміз бірлікте деген осы болар. Қазір Талапкердегі тұрғындар қалыпты тірлігіне кірісіп кеткен.

Мерей Мұратханқызы, 24.KZ