Зардап шеккен отбасыларға алғашқы төлем жасала бастады

Батыс Қазақстанда тасқыннан зардап шеккен 2 мың 700-ге жуық адам үйлеріне оралды.

Тағы мыңнан астам адам 13 эвакуациялық пунктке жайғасқан. Олар азық-түлікпен, тиісті медициналық көмекпен қамтылды, дейді мамандар.

Қазір аймақта Жайық өзені негізгі қауіп көзі болып тұр. Ол тасыса, қала ғана емес, 94 елді мекенді су шаяды.

Үкімет басшысының орынбасары Нұрлан Байбазаров өзен жағалауындағы ең қауіпті 6 учаскеде ұзындығы 5 шақырым болатын бөгеттер салынып жатқанын мәлімдеді. Жағдай бақылауда, деді ол.

Нұрлан Байбазаров, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:

- Облыс тұрғындарына келтірілген шығындарды есептеу басталды. 581 тұрғын үйдің 236-сына техникалық тексеріс жүргізілді. Бұл жұмыс жалғасады. Су тасқынынан зардап шеккен 481 отбасына 89 млн теңгеге бір реттік төлемдер жасалды.