Тасқыннан зардап шеккендерге үйлер салынады

Ақтөбе облысының Ойыл ауданында су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға арнап жаңа үйлер салынады.

Бұл үшін инженерлік желі тартылған аумақта 200 жер телімі дайын. Қазір баспана тұрғызатын құрылыс компанияларымен келіссөз жүргізіліп жатыр.

Жаңа үйлер негізінен су басқан Қаратал және Екпетал ауылдарының тұрғындарына берілмек. Cонымен жаңа баспаналар аудан орталығының қай жерінен бой көтереді?

Су тасқынынан зардап шеккен ойылдықтарға арнап жаңа үйлер осы жерден салынады. Бұл аудан орталығының шетіндегі соңғы жылдары пайда бола бастаған шағын аудан. Мұнда баспаналардан өзге, мың жарым оқушыға арналған мектеп пен 90 балаға арналған балабақша да бой көтереді.

Үйлер салынатын аумаққа ауыз су және газ желісі жетіп тұр. Енді жер кепкен соң, құрылыс басталмақ. Көп ұзамай жұмыс жүргізетін компания да анықталады.

Асқар Қазыбаев, Ойыл ауданының әкімі:

- Қазір біздер 200-ден астам үй салуға толық мүмкіндігіміз бар. Сондықтан осы жерлерге, Үкіметтен енді 80 квадрат метр деп қазіргі таңда айтып жатыр тұрғындарға әр үй. Сол тұрғын үйлерді осы аймаққа саламыз. Әр тұрғынға 10 шаршы метр деп есептеп отырмыз. 22 миллионға шығып тұр.

Мұнда негізінен Қаратал және Екпетал ауылдарының тұрғындарын орналастыру көзделген. Себебі, тасқын кезінде екі елді мекендегі үйлердің барлығы дерлік су астында қалған еді. Ал адамдары түгел аудан орталығына эвакуацияланды.

Мейрамгүл Ақжамиева, Қаратал ауылының тұрғыны:

- Үйіміз суға кетіп қалды. Жалпы, Қаратал бойынша 98 пайыз суға кетті десе де болады. 4 үй ме, 5 үй ме, жаңадан салған фундаменті биік үйлер ғана қалды. Осы районның басынан болса да, біздерге үй берсе,осы жақтан салып берсе келем мен.

Жалпы аудан бойынша 340 үйді су басқан. Бүгінгі күні соның 49-ы әлі су астында. Ойыл селосының өзіне апаратын тіке жол да қалыпқа келе қойған жоқ. Қазір азық-түлік пен өзге де қажетті заттар әскерилердің қалқымалы көпірі арқылы тасымалданып жатыр.

Дінислам Қалибеков, рота командирі:

- Біздің келу мақсатымыз – осы 60 тонналық паром яғни, өткел құрастырып, Қазақстанның түкпір-түкпірінен келіп жатқан гуманитарлық көмектерді, төрт түлік малды Ойыл өзені арқылы жағаға жеткізу. Қазір шамамен 450-ден астам адам өткізілді. 12 тоннадай жүк өткізілді, оның ішінде азық-түлік 6 тонна және басқа заттар 7 тоннадай бар.

Тасқыннан келген шығынды анықтау үшін арнайы комиссия жұмыс істеп жатыр. Ал зардап шеккен тұрғындардан бүгінге дейін келтірілген залалды өтеу үшін 286 өтініш қабылданған.

Әнуарбек Мырзатайұлы, Айнадин Молдабеков, 24.KZ