Университет ұжымы 10 тонна гуманитарлық жүк жөнелтті

Су тасқынынан зардап шеккен өңірлерге жоғары оқу орындары да көмек көрсетіп жатыр, деп хабарлайды 24KZ.

Мәселен, Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы қазақ-түрік университетінің ұжымы тасқын судан зардап шеккен Атырау облысына 10 тоннаға жуық гуманитарлық көмек жөнелтті. Университеттің Өкілетті кеңес төрағасы Мухиттин Шимшек түркиялық  бауырлардың атынан қосымша 3 млн теңге берді. Оқу орнының «Актерлік өнер» мамандығының 2 курс студенттері арнайы қайырымдылық акциясын ұйымдастырып, билет сатылымынан түскен қаржыны материалдық көмекке жұмсады. Жиналған қаржыға құрылыс-шаруашылық заттары, оның ішінде жағаны бекітуге арналған полиэтилен жабындылары мен қапшықтар сатып алынды. 

Асқар Тұрғанбаев, Қ. А. Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің вице-ректоры:

- Атырауға келген су қалаға соқпай, екі жаққа бөлініп кету керек. Сол үшін үлкен бөгеттер соғып, дамбыны үлкейтіп жатыр. Бүкіл халық соған жұмыс істеп жатыр. Нақты олардың бізге айтқаны, осы заттар ақшасына алайық десек те, бізде жоқ, – деді. Сондықтан бізде жоқ заттарды беріңіздерші, – деді. Біз сол қажетті заттарды алып жібердік. Себебі көмек су келгенге дейін керек. Осындай мақсатта жұмыс істедік және ол өте пайдалы болды деп есептейміз.