Ақтөбе облысында зардап шеккендерге өтемақы беріліп жатыр

Ақтөбе облысында су тасқыны салдарынан мал-мүлкінінен айырылған жандарға өтемақы беріліп жатыр.

Төтенше жағдай жарияланған өңір тұрғындарына 143 млн теңге төленді. Мәселен Әйтеке би ауданында баспанасыз қалған 122 адамнан өтініш түскен. Олардың 42-ін арнайы комиссия мен дербес бағалаушы компания өкілдері тексеріп, шығынды өтеу туралы қорытынды шығарған.

Темірбек Жүргенов ауылының тұрғындары наурыздың 29-ы күні шұғыл көшірілді. Аудандағы бөгеттердің бірін су шайып Ырғыз өзені тасыды.   Құжаттары мен азғантай дүниесін алып үлгерген Саматбек Сақтағанов су қайтқаннан кейін баспанасыз қалғанын білді.

Саматбек Сақтағанов, Т. Жүргенов ауылының тұрғыны:

- Бәрі бүлінген, сарайым құлаған, үйім құлаған. Жарақсыз болып қалды. Одан кейін комиссия келіп тексеріп, бүкіл бағаларын есептеп, үйдің жарақсыз екенін, техникалық күйін қарап, бәрін тексеріп кетті. Жарамсыздығын айтты. Тұруға келмейтінін айтты. Жаңа жерден қазір үй салып берейін деп жатыр. Енді сол үйдің салынуын күтіп отырмын.

Ақтөбе қаласы мен  6 ауданда төтенше жағдай жарияланды. 2451 үйді су басып, жүзедеген баспана қирап қалды. Қазір дербес бағалаушы компания мамандары ғимараттардың жай-күйін зерделеп жүр. Қорытындысы белгілі болған соң тиісті өтемақы төленеді. 

Гүлбағда Көбеева, облыс әкімінің баспасөз хатшысы:

- Бүгінгі күнге дейін арнайы комиссияға 2953 құжат қабылданды. Оның басым бөлігі қаралып болды. Одан кейін тәуелсіз бағалау жүргізілді. Соның қорытындысы негізінде тиісті төлемдер жүргізіліп жатыр. Бүгінгі 18 сәуірге  ақпарат бойынша 69 отбасына 143 млн теңгеден астам төлем жүргізілді.

Бұдан бөлек біржолғы өтемақы да төленіп жатыр. Бүгінге дейін 1408 жанұяға берілді. Жалпы сомасы жарты миллиард теңгеге жуықтаған. Қарғын судан зардап шеккендерден  өтініш қабылдау тоқтаған жоқ. Арнайы құрылған комиссия өкілдері күніне 140 тұрғынның мәселесін зерделейді. 

Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков, Айбек Даутов