Қазақ-қырғыз зиялылары бас қосты

Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин мен Қырғызстанның Мемлекеттік хатшысы Суйунбек Касмамбетов Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаровтың елімізге ресми сапары аясында елордада өткен Қазақстан мен Қырғызстанның зиялы қауымы және шығармашылық сала өкілдерінің форумына қатысты.

Ерлан Қарин аталған форум екі елдің зиялылары мен шығармашылық сала өкілдерінің бір-бірімен тікелей қарым-қатынас жасауына, сондай-ақ әдебиет, өнер және мәдениетаралық ықпалдастықтың басқа бағыттары бойынша заманауи әрі сұранысқа ие жобаларды қолдауға тамаша мүмкіндік беретінін атап өтті. Форумда екі елдің шығармашылықты шыңдау, ұрпақтар сабақтастығы және екі елдің рухани-мәдени мұрасын сақтауға қатысты өзекті мәселелер талқыланды. Сонымен қатар әдебиет пен өнер саласындағы тың бастамалар мен ынтымақтастықтың анағұрлым перспективті бағыттары әңгімеге арқау болды. Жиын соңында Мемлекеттік кеңесші қазақ-қырғыз халықтарының зиялы қауымы мен шығармашылық сала өкілдері айтқан ұсыныстар екі елдің мәдениетін байытуға, гуманитарлық байланысты дамытуға, сондай-ақ бауырлас халықтардың өзара түсіністігі мен ынтымақтастығын нығайтуға ықпал ететініне сенім білдірді.