Ұлытаудың суы Қызылордаға жетті

Биыл қар мен тоңның қалың болуы бір есептен шаруаға жайлы болып тұр.

Біраз өзен-көл кемеріне келді. Мәселен, біраз жыл табаны көрініп, төменгі ағысы құмға сіңген Сарысу өзені Бетпақдаланы көктей өтіп, Қызылорда облысындағы Телікөлге құйып жатыр.

Сарысу Сырға жетті. Осыған дейін Жезқазғаннан аса жығылып, сіңіп кететін. Қайнары Қарағанды облысынан басталып, бетбақ даланы бойлап ағатын өзен көп жылдан кейін қайта Қызылорда өңіріндегі Телікөлге құйды. Бұған биылғы жауын-шашынның көп түсіп, Кеңгір су қоймасының арнасынан асуы себеп. Сөйтіп сан жылдар бойы үзілген екі аралық қайта жалғанды

Ғалымжан Қамбарбеков, ҚР су ресурстары және ирригация министрлігінің маманы:

-Кеңгір су қоймасына молынан су жинақталып, Кеңгір су қоймасынан биыл су тасу кезеңінде 191 млн. су тасталып, Сарысу өзеңіне келіп қосылды. Сарысу өзенінің арнасынан қосылған екеуі Қызылорда облысының аймағындағы Телікөл көлдер жүйесіне 270 млн. текше су келді. Соның әсерінің қазіргі кезде Қызылорда облысындағы көлдер жүйесі суға толып,ауыл шаруашылығына  оның пайдасы бар.

Қайратбек Сәрсенбаев, Арал-Сырдария бассейндік инспекциясының басшысы:

- Биылғы жылы мынау Жезқазғанда Сарыкеңгір, Қаракеңгір өзендерінің келіп құятын Кеңгір су қоймасы бар. Жалпы көлемі – 319 млн. куб. Сол су толық келіп, өткен айдың 29-нан бастап Сарысу өзеніне су тастай бастады. Жалпы бүгінгі күнге дейін 17-18-не дейін 300-ден бастап, 200, 150, 40, 50 кубқа дейін, бүгінгі күні 1-2 куб қана су келіп жатыр. Яғни су қоймасынан артық келген су бізге құйып жатыр.

Қазақта «Ағын су айналып арнасын табады» деген тәмсіл бар. Шынында Ұлытау мен Қызылорда облысының арасы – ежелден Сарысу өзінің бойы. Алайда кейінгі уақытта табаны құрғап, құмға сіңген су Сыр еліне жетпейтін болған. Мамандар: «Бұл 70 жылдан бері  болмаған құбылыс», - дейді.

Ғалымжан Қамбарбеков, ҚР су ресурстары және ирригация министрлігінің маманы:

- Жалпы жазықтық өзендердің өзіне тән сипаттамалары бар, су мол жылдар және аз жылдар болады. Сол белгілі бір циклде қайталанып отырады. Биыл нағыз сол су мол жылдар қатарына кіреді және бұған дейін су аз жылдар болғаннан кейін су тастаулар шектеліп, 2019-2023 жылдар аралығында Кеңгір су қоймасынан мүлде су тасталған жоқ.

Тасқынның беті қайтса, арадағы су қайта үзілуі мүмкін. Дейтұрғанмен, осының өзінде Телікөл толып, ұлтаны көрінген өзен ернеуіне жетті. Көлді жағалай қоныстанған жұртқа да, жануарлар мен аң-құсқа да пайдасы тиді.

Шернияз Жалғасбекұлы, Мерей Талап