Елімізде «Төрт түлік» мобильді қосымшасы іске қосылды

Етті базарға бармай-ақ шаруаның өзінен тікелей сатып алуға болады.

Ал шаруа ветеринарлық анықтама үшін орталыққа жүгірмейді. Сатып алған малын тіркеу немесе сойылғанын есептен шығару да оңай.

«Төрт түлік» мобильді қосымшасы іске қосылды. Бұл арқылы айтылған шаруаның бәрін онлайн атқара аласыз. Қосымшаның тағы қандай пайдасы бар?

Мақсат Бейсембеков алдындағы тай-тұяғын «Төрт түлік» мобильді қосымшасы арқылы бағады. Қосымша жақында шыққан. Бұл арқылы шаруа  ветеринарлық төлқұжат алады, жоғалтқан таңбаны ауыстырады, сондай-ақ сойылған малды есептен шығара алады. Мұның бәрі – үйден шықпай-ақ онлайн жасалатын дүние.

Мақсат Бейсембеков, шаруашылық иесі:

- Төрт түлік деген бағдарлама шыққанын естіп, біліп өзімізге жүктеп алдық. Сатып алған малдың тарихын біліп отырасың ар жағындағы. Қандай вакцина алғанын, қандай тексерістен өтілгендерін, соның бәрін. Мына бағдарламаны естіп-білгеннен кейін тағы да мал ұстайтын шаруашылығы бар адамдармен бірігіп, қызығып, олар да қосылып ұстап жатыр.

Мақсат Бейсембеков түздегі малының қай жерде жайылып жүргенін де үйде отырып біле алады. Мал басына GPS орнатып қойған.

Мақсат Бейсембеков, шаруашылық иесі:

- GPS бар әрқайсысында. Әр малда болғанда, 4-5 баста. Қарап отырасың қайда кетіп бара жатыр, қай жерде жүр. Біреу айдап бара жатса, мысалы, қандай жылдамдықта кетіп бара жатқанын көресің. Қандай бағытта кетіп бара жатқанын не бірдеңеден үркіп шапқыласа, бірдеңе дұрыс емес екенін біліп, бірден көлікке отырамыз да барамыз. Мына қосымша шыққаны өте жақсы болды. Қазір үйде отырып алып, бәрін жасай бересіз.

«TortTulik» шаруа иелері үшін ақпарат алаңына да айналады. Мобильді қосымшадан саланың соңғы жаңалықтарынан хабардар болып отырасыз. Сондай-ақ мал дәрігерлері ветеринарлық-профилактикалық іс-шараларды уақытылы және толық көлемде жүргізуге мүмкіндік алады.

Мұратбек Мендіхан, Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің сарапшысы:

- Бүгінгі таңда ауылшаруашылық жануарлары иелерінің саны мобильді қосымшаны пайдаланатын 96 196 адам Қазақстан бойынша қолданушысы бар. Бүгінгі таңда «Төрт түлік» мобильді қосымшасы Playmarket платформасында орналасқан, осы жылдың үшінші немесе төртінші  кварталында APP Store-ға енгізіледі. Сол кезде қолданушылар саны тағы да өседі деген жоспарда бар.

Бұл қосымшаны сіз де пайдалана аласыз. Өйткені алдағы уақытта қосымша арқылы ет сатып алуға болады. Яғни «sogym.kz» арқылы шаруаға тікелей хабарласып, ветеринарлық бақылаудан өткен өнімге тапсырыс бере аласыз.

Авторлары: Зариан Кәп, Ержан Рахманбердиев.