Қордайда екі оқушының мәйіті табылды

Жамбыл облысы Қордай ауданында сарай ішінен екі оқушының мәйіті табылды. Қайғылы жағдай Қаракемер ауылында болған. Полицияның мәліметінше, оқушының екеуі де - 9-сынып оқушысы.

Балалар екі бөлек мектепте оқығанымен дос болған. Тексеріс барысында жасөспірімдердің көпбалалы отбасынан шыққаны, өз өзіне қол жұмсауға ешқандай себеп болмағаны анықталды. Алайда алдын ала тергеу ақпаратында балалардың WhatsApp желісіне бұрын өз-өзіне қол жұмсаған досын сағынғандары туралы хабарлама жазғаны белгілі болды. Қазір ауданға Білім басқармасынан құралған арнайы топ барды. Бақилық болған балалардың сыныптастары және ата-анасымен психологтар жұмыс істеп жатыр.

Гүлсара Мұқтарқұлова, облыстық ПД баспасөз хатшысы:

- Қордай ауданында орын алған өз-өзіне қол жұмсау дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты толық және обьективті түрде анықтауға бағытталған қажетті тергеу шаралары жүргізілуде. ҚР Қылмыстық Процестік Кодекстің 201-бабына сәйкес тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпараттар жария етуге жатпайды.