Алматы әуежайында шетел азаматы ірі мөлшердегі есірткімен ұсталды
Алматы халықаралық әуежайында полиция қызметкерлері ҰҚК Шекара қызметімен бірлесіп есірткінің ірі партиясын тәркіледі, деп хабарлайды «24KZ».
Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, Бангкок – Алматы рейсімен ұшып келген 20 жастағы шетелдік азамат ұсталды. Тінту кезінде күдіктіден жалпы салмағы 11 келіге жуық гашиш майы құйылған 12 пластик ыдыс тәркіленген.
Аталған дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 286-бабымен қылмыстық іс қозғалған. Заңда 20 жылға дейін немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Ұсталған адам уақытша ұстау изоляторына қамалған.
ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті төрағасының орынбасары Елдар Әбдікенов жыл басынан бері Қазақстан аумағына есірткіні контрабандалық жолмен әкелудің 57 дерегі тіркелгенін атап өтті.