Алматы зообағында өрт шықты

Фото: depositphotos.com

9 маусымға қараған түні Алматы зообағы аумағында өрт шығып, оқиғаға қатысты Төтенше жағдайлар министрлігі түсініктеме берді, деп хабарлайды «24KZ».

Ведомствоның мәліметінше, өрт зообақ аумағында орналасқан фотосалон дүңгіршегінен басталған. Жалын кейін маңында тұрған электромобильге тараған.

«Алматы қаласы Медеу ауданындағы Есенберлин көшесінде орналасқан фотосалонда өрт шығып, от жанында тұрған электромобильді шарпыған. Өрттің жалпы аумағы 25 шаршы метрді құрады. Оқиға орнына жедел жеткен құтқарушылар жалынды қысқа мерзімде толық сөндірді», – деп хабарлады ТЖМ баспасөз қызметі.

Алдын ала мәлімет бойынша, оқиға салдарынан зардап шеккендер жоқ. Өрт кезінде зообақтағы жануарларға да қауіп төнбеген.

Төтенше жағдайлар министрлігі өрттің шығу себебі анықталып жатқанын мәлімдеді. Қазіргі уақытта тиісті мамандар оқиға орнында тексеру жұмыстарын жүргізуде.

Сондай-ақ зообақ әкімшілігі өрт шыққан нысанның Алматы зообағының меншігіне жатпайтынын хабарлады. Белгілі болғандай, фотосалон ретінде пайдаланылған дүңгіршек жалға алушыларға тиесілі болған.

Оқиғаның нақты себептері мен келтірілген материалдық шығын көлемі тергеу нәтижесінде белгілі болады.