Заңсыз кен өндіруден 1 миллиард теңгеден астам пайда тапқан кәсіпкер сотталды

@afm_rk бейнежазбасынан

Шығыс Қазақстан облысында «AK Metal» компаниясының басшысы Д.К. Бектеміров заңсыз кен өндіргені үшін бір жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды «24KZ».

Тергеу мәліметтері көрсеткендей, серіктестікке берілген лицензия тек қатты пайдалы қазбаларды барлауға ғана рұқсат еткен. Алайда күдікті зертханалық және технологиялық зерттеу деген желеуді жамылып, темір кені мен темір кені концентратын өнеркәсіптік көлемде өндіріп, оны кейін Қазақстанда және шетелде сатқан.

Жалпы көлемі 70 мың тоннадан астам өнім заңсыз өндіріліп, сатылған. Осы қылмыстық жолмен түскен табыс 1 миллиард теңгеден асқан. Сотталған азамат бұл қаражатқа қымбат активтер сатып үлгерген: атап айтқанда, Land Rover автокөлігі, бес бөлмелі пәтер, үш коммерциялық үй-жай, екі тұрақ орны, сондай-ақ Алматы қаласы мен Алматы облысындағы екі жер учаскесі тәркілеуге ілікті.

Сот шешімімен құны 1 миллиард теңгеден асатын барлық бұл мүлік мемлекет кірісіне тәркіленді.