Павлодарда 14 жыл бұрынғы қылмыс ДНҚ сараптамасы арқылы ашылды
Павлодар облысында 14 жыл бұрын жасалған қылмыс ДНҚ сараптамасы арқылы ашылды, деп хабарлайды 24KZ.
Полиция мәліметінше, 2012 жылы бау-бақша қоғамдастығының аумағында 62 жастағы әйел зорланып, кейін өлтірілген. Сол кезде қылмыскерді анықтау мүмкін болмаған. Алайда істі ашу бойынша жұмыс тоқтаған жоқ.
Жедел қызметкерлер мен криминалистер қылмыстық істі қайта зерделеп, сақталған заттай дәлелдерді заманауи әдістермен зерттеген. ДНҚ есебі бойынша жүргізілген тексеру нәтижесінде күдікті анықталды.
Ол – 1964 жылы туған, бұрын сотталған ер адам. ДНҚ сараптамасы оның қылмысқа қатысы бар екенін растады.
Күдікті кінәсін мойындады. Ол ұсталып, сот санкциясымен қамауға алынды.
Полиция өткен жылдардағы қылмыстар ашу бойынша жұмысты жалғастырады. Қылмыс жасаған адам заң алдында жауап береді, - деп мәлімдеді полиция.