Семейде әйел адам үш миллион теңгесін автобуста ұмыт қалдырды

Полицейлер семейлік тұрғынның жоғалған ақшасын қайтаруға көмектесті. Семейде «102» желісіне 38 жастағы әйел хабарласып, ақшасының жоғалғанын айтқан. Ол 3 миллион теңге салынған сөмкесін автобуста ұмытып кеткен екен. Полицейлер жедел басқару орталығы арқылы дереу автобусты анықтап, жарты сағаттың ішінде орталық көшелердің бірінде қоғамдық көлікті тоқтатты. Әйтеуір абырой болғанда сөмкеге ешкім тиіспепті. Ақша өз иесіне қайтарылды.

Петропавлдық полицейлер автожанар-жағармай құю станциясын тонаған күдіктіні «ізін суытпай» ұстады. Оқиға түнгі 01:30 шамасында орын алған. Полицияға белгісіз қылмыскердің Әуезов көшесінің бойында орналасқан жанармай құю станциясы бірінің терезесін сындырып, кассадан 40 мың теңгені қолды қылғаны туралы хабарлама келіп түседі. Күдікті сондағы бейнебақылау камераларына түсіп қалған. Жедел іздестіру іс-шаралары нәтижесінде күдікті Әуезов көшесінде жалға берілетін пәтерлердің бірінде ұсталды. Ол бұрын бірнеше рет сотталған 1984 жылы туған облыс орталығының тұрғыны болып шықты. Жедел уәкілдер келген сәтте азамат ішімдік ішкен күйде болған. Аталған жайт ҚР ҚК 191-бабы 3-бөлігі «Тонау» бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне енгізілді. Күдіктіге қатысты «қамаққа алу» туралы бұлтартпау шарасы қолданылып, тергеу изоляторына қамалды. 

Шымкент-Ташкент тас жолы бойында «Ниссан» маркалы автокөлігінің қозғалтқышы толығымен жанды. Өрт сағат 17:40-та оқшауланып, сағат 17:44-та толығымен сөндірілді. Сондай-ақ қаладағы Еңбекші ауданына қарасты Оразбаев көшесі бойында орналасқан үйдің ауласында жалпы көлемі 9 шаршы метр аумақты қамтитын өрт болды. Мұнда қорадағы ескі үй заттары мен екі жеңіл автокөлік құжаттарымен бірге қызыл жалынға оранды. Екі оқиғада зардап шеккендер жоқ. Өрттің шығу себебі анықталуда.

Ақмола облысында өрт сөндірушілер қызыл жалыннан бір отбасын сақтап қалды. Өрт жеке үйлердің бірінде болған. Қызыл жалынға оранған баспана ішінен құтқарушылар 1936 жылығы үй иесі мен 1964 жылы туған оның ұлын алып шықты. Анасы мен баласы медицина мамандарына тапсырылғанымен ауруханаға жеткенше ақ халаттылар кейуананың өміріне араша түсе алмаған. Қазір өрттің шығу себебін сала мамандары анықтауда.

Ақтөбеде ресейлік тіркеудегі номерлерді ұрлап, содан кейін олардың иелерінен ақша талап еткен қылмыскерлер ұсталды. Белгілі болғандай, күдіктілер автокөліктерден тіркеу номерлерін ұрлап алып, иелеріне Telegram мессенджерінде мекен-жайы бар жазбаны қалдырған. Хат алмасу барысында жәбірленушілер шотқа 20-дан 50 мың теңге сомаға дейін ақша аударып, төлем жасалғаннан кейін геолокация арқылы номерлердің орналасқан жері туралы ақпарат алған. Тергеу барысында полиция қызметкерлері автокөлік нөмірлерін ұрлаған екі бопсалаушыны анықтады. Олар сондай-ақ басқа да ресейлік тіркеудегі 8 автокөліктен мемлекеттік тіркеу нөмірлерін алып кеткен. Аталған жайт бойынша ҚР ҚК-нің 194-бабы «Бопсалау» бойынша қылмыстық іс жүргізілуде және облыс аумағында бұрын жасалған ұқсас қылмыстарға қатыстылығы анықталуда.