Алматы облысында жүк пойызы 14 қойды басып кетті

Алматы облысында жүк пойызы 14 қойды басып кетті

Көлік полициясы теміржолдың бойында қойын жайғаны үшін Алматы облысының 51 жастағы тұрғынын әкімшілік жауапкершілікке тартты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қопа – Жиренайғыр аралығында жүк пойызының жүргізушісі теміржол бойында бір отар қойдың жайылып жүруіне байланысты шұғыл тежегішті іске қосты. Бірақ 14 қойды басып кетті. Пойыз 9 минут тұрып қалды», - деді Көліктегі полиция департаменті бастығының міндетін атқарушы Сарықұл Жоланов.

Оның айтуынша, Шамалған стансасындағы желілік полиция бөлімшесі қызметкерлерінің жедел іздестіру шарасы барысында қойдың иесі Алматы облысының 51 жастағы тұрғын екендігі анықталды.

«Аталған азамат ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 559-бабы 1-тармағы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оның үстінен әкімшілік хаттама толтырылды», - деді полиция полковнигі.

Айта кетсек, осы жылдың қаңтар айында пойыздың шұғыл тоқтауының 145 фактісі тіркелді. Оның 37-сі теміржол бойында адамдардың жүруіне және 108-і малдың жайылуына байланысты болған.