Павлодарда мас күйінде көлік тізгіндеген 11 жүргізуші ұсталды

Павлодар қаласында соңғы бірнеше күнде  ішімдік ішіп көлік тізігіндеген 11 жүргізуші ұсталды. Полиция экипажы қалада бағдаршамның қызыл түсіне өтіп кеткен көлікті тоқтатқан. Алайда бұйрыққа бағынбаған жүргізуші ізін суытпаққа әрекеттенеді. Бірақ ұзаққа бармады. Жол ережесін өрескел бұзып, басқа көлік иелеріне қауіп тудырған жүргізуші жаңа көлік алып, қуанышын жора-жолдастарымен бөлісу кезінде спирттік ішімдіктен де сілтегені анықталды. Ол ірі мөлшерде айыппұл арқалап, 7 жылға көлік жүргізу құқығы да шектелді. 

«Алматы-Бішкек» халықаралық тас жолында  жедел жәрдем мен жеңіл көлік соқтығысты. 20 жастағы  жеңіл көлік иесі қара жолда аралық қашықтықты сақтамаған. Жол апатын көрген куәгерлердің айтуынша жедел жәрдем жылдамдығын кілт бәсеңдеткенде соңында келе жатқан жеңіл көлік артқы жағына соғылған. Жол апатының салдарынан жедел жәрдемдегі бір  қызметкердің  өзіне жедел медициналық көмек қажет болған. Ол сол жердегі ең жақын Қаскелең қаласының ауруханасына жатқызылды.  

Қарағанды облыстық балалар ауруханасына бомба қойылды. Осылай деп бейтаныс ер адам  облыстық полиция депратментінің кезекші бөліміне хабар берген. Суық хабарды алған бойда  барлық күштік құрылым  аяғынан тік тұрды.Бірақ медициналық мекемеден ешкім оқшауланбады. Ал жедел тергеу, іздеу тобы ауруханада ешқандай жарылғыш заттың жоқ екенін анықтады. Енді елді дүрліктірген хабарламаға қатысты сотқа дейінгі тергеу басталды. Ал жалған ақпарат берген азаматтың жеке басы анықталып жатыр.

Семей қаласында жеке үйлердің өртенуі жиілеп кетті. Өткен тәулікте тек өртке қатысты бірнеше оқыс оқиға тіркелді. Өрт сөндірушілер келгенде ағаштан салынған  үйдің шатыры мен қабырғасы жанып кеткен. Жалын шамамен 35 шаршы метрді шарпыған. Дегенмен, өрт сөндірушілер жалынды тез арада басып, үй ішінен екі газ баллонын сыртқа шығарып үлгерді. Ал өрттің неден тұтанғанын төтенше жағдай қызметкерлері анықтап жатыр.