Қ. Сәтбаевтың мәдениетке қосқан үлесі зор
Павлодарда «Қаныш Сәтбаев – өнер қамқоршысы» атты әдістемелік жинақ жарыққа шықты, деп хабарлайды 24KZ.
Жаңа кітапты музыкалық колледждің ұжымы әзірлеген. Оның таныстырылымы қала мектептерінің бірінде өтті. Жас өнерпаздар жинаққа енген әндерді нақышына келтіре орындады. Дара тұлғаны жаңа қырынан танытқан бұл жұмыс оқу бағдарламасына қосымша материал ретінде ұсынылады. Қаныш Имантайұлы академик, ғалым ғана емес, ұлттық құндылықтарды зерттеуші, фольклорист болғанын кейінгі ұрпақ біле бермейді. ХХ ғасырдың басында ол қазақтың 500 әні мен күйін нотаға түсірген. Александр Затаевичке 25 халық әнін тапсырған. Бұл даңқты тұлғаның шығармашылық бейнесін ашады. Жаңа жинаққа «Іңкәр», Біржан салдың «Мақпалы», «Обаған» сияқты өзге де танымал халық әндері еніп отыр.
Махамбет Рамазан, музыкалық колледж студенті:
- Негізі орындаған жалпы әнім – ол Біржан салдың «Мақпал» әні. Қаныш атамыз сол бесінші түрін Затаевичке арнайы нотаға түсіріп жазып жіберген. Сол арқылы сол ән бізге жетіп отыр. Біржан сал сол ғашықтық, лирика жанрында әндер шығарған ғой көбінесе, «Мақпал», «Айтбай» деген сияқты. Сол арқылы әйел адамның сұлулығын сипаттайды.
Серік Сыздықов, музыкалық колледж басшысы:
- Ол жинаққа 25 әнді Қаныш Имантайұлы өзінің орындауында немесе осы қазақтың даласындағы әрбір орындаушылардан жинап енгізген. Алексадр Затаевичке сондай нұсқама білдірген, өтініш білдірген. Сондықтан бұл жинаққа енген әндер – әлі де бүгінгі таңда өзінің зерттеуін, зерделеуін қажет ететін, талап ететін дүниелер.