Атырауда мейрамхана өртенді

Атыраудағы мейрамханалардың бірінде ірі өрт болды. Қызыл жалын 450 шаршы метр жерді шарпыған. Абырой болғанда, адам аман. Өрт кезінде ғимараттан 15 адам қауіпсіз жерге шығарылды. Өрттің қатты болғаны соншалық оны сөндіруге бірден 9 техника жұмылдырылды. Одан бөлек 45 адам тартылды. Өрттің неден шыққаны белгісіз. Қазір келген шығын мен оттың неден тұтанғаны анықталып жатыр.

Қызылордада жүргізуші полцейлерге шабуыл жасады. Тәртіп сақшылары кезекті патрульдеу кезінде номерсіз автокөлікті тоқтатқан. Тексеру барысында темір тұлпардың қожайынында сақтандыру қағазы болмай шықты. Көлікті көлігін айыптұраққа қоюға әрекеттенген полицейлерге күш қолданған. Қазір күдікті уақытша ұстау изоляторында қамауда отыр. Тергеу амалдары басталды.

Полиция департаментінің мәліметінше, бұған дейін бұл адам қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін істе болған көрінеді.

Жамбыл облысында заңсыз балық аулаған 100-ден астам адам жауапқа тартылды. Оларға 2 миллион теңге көлемінде айыппұл салынды. Браконьерлер балықтың уылдырық шашып, көбейетін мезгілін пайдаланып, оңай олжаға кенелмек болған. Рейдтік тексеру, алдын алу шарасы кезінде 550 метр ау, қолдан жасалған шанышқы, қайық және 50 келіден астам балық тәркіленді. Салынған ірі көлемдегі айыппұлға қарамастан браконьерлер заңсыз әрекеттерін тоқтатар емес. Полицейлердің айтуынша, олар балық аулауға түнгі уақытта жиі шығатын көрінеді. Қазір тәртіп сақшылары түнгі рейдтерді жиілетті.

Рахымберді Әшкеев, облыстық полиция департаментінің басқарма басшысы:

- 154 әкімшілік құқық бұзушылық дерегі анықталды. 106 адамға қатысты жалпы сомасы шамамен 2 миллион теңге көлемінде әкімшілік айыппұлдар салынып, оның ішінде 800 мың теңгеден астамы өндірілді. Бұдан басқа ағаштар мен бұталарды заңсыз кесудің, жоюдың немесе бүлдірудің екі дерегі тіркеліп, оған қатысты сотқа дейінгі іс жүргізу өндірісі басталды.