Алматы облысында тәнін саудалағандар жауапқа тартылды

Алматы облысында тәнін сатқандар мен оларға «жеңгетайлық» қызмет көрсеткендер ұсталды.

Қарасай ауданындағы Іргелі кентіндегі қонақүйлердің бірін тексеру барысында қыздардың жасырын ордасы әшкере болды. Жеңіл жүрістілердің жұмысын ұйымдастырған 39 жастағы Қаскелең қаласының тұрғыны осылай арам жолмен ақша тапқаны үшін енді заң алдында жауап беретін болады. Сорақы кәсіпті дөңгелетпек болған ол ұялы телефондағы қосымша арқылы жарнама беріп келген. Қазір бұл оқиға бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жалғасуда.

ТІЛСІЗ ЖАУ ДЕР КЕЗІНДЕ ТОҚТАТЫЛДЫ

Өскеменде өндіріс ошағы маңында өрт болды. Кәсіпорындардың бірінің аумағындағы жылу генераторының кеңейту бөшкесінен май төгілген. Төгілген сұйықтықтың соңы қызыл жалынның тұтануына сеп болған. Оқиға орнына жедел жеткен құтқарушылар жанған отты дереу сөндіріп, тілсіз жаудың таралуына жол бермеді. Өрттің алдын алу үшін барлығы жеке құрамнан 39 адам мен 14 техника жұмылдырылды. Қазір оқиғаның жай-жапсары анықталуда.

АТЫРАУДА ІРІ КӨЛЕМДЕ ЕСІРТКІ ТӘРКІЛЕНДІ

Атырау облысының тәртіп сақшылары аса ірі көлемдегі есірткіні таратпақ болған қылмыстық топты қолға түсірді. Рейдтік шара кезінде Орал қаласының екі азаматынан 2400 доза синтетикалық есірткі табылды. Тексеру барысында олардан сатуға дайындалған 42 пакет, ал жалдамалы пәтерлерін тінткенде тағы 100 пакет табылды. Алынған есірткі тектес заттардың жалпы құны 24 млн теңгеден асады. Осы іс бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары басталды.

Гүлнәзира Мұхтарова, облыстық ПД баспасөз хатшысы:

– Қазір екі азамат та соттың шешімімен тергеу изоляторына қамалды. Оларға қатысты ҚР ҚК 297 бабының 3-і бөлігімен, яғни есірткі тектес заттарды сатып алу, сақтау және тасымалдау фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде.

АҚМОЛА ОБЛЫСЫНДА КӨЛІК ҰРЛАҒАН ТҰРҒЫН ҰСТАЛДЫ

Ақмола облысының Қабанбай ауылында көлік ұрлап, оны орманның ішіне тығып қойған жергілікті тұрғын ұсталды. 25 жастағы азамат темір тұлпарды Нұр-Сұлтан қаласынан заңсыз тізгіндеп кеткені анықталды. Көлік иесінің есігін жаппай ашық қалдырғанын байқаған ол, дереу осы сәтті пайдаланып қала шетіне айдап кеткен. Тіпті аккумоляторын шешіп, сатып үлгеріпті. Қазір бұл оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.

СЕМЕЙДЕ СОТ ШЕШІМІН ОРЫНДАМАҒАН ШЕТЕЛДІККЕ ШАРА КӨРІЛДІ

Семейде Қозыбағаров көшесіндегі үйлердің бірінде 46 жастағы Грузия Республикасының азаматы ұсталды. Ол Алматы қаласы сотының шешімі бойынша Қазақстан Республикасының аумағынан шығарылса да, осы уақытқа дейін елімізде сайран салып жүрген. Қазір осыған байланысты қылмыстық іс қозғалып, тергеп-тексеру амалдары жалғасып жатыр. Жалпы  "Мигрант" республикалық жедел-алдын алу іс-шарасы кезінде 340-тан астам әкімшілік құқық бұзушылық анықталып, 16 шетелдік ел аумағынан шығарылған.