Павлодарлық ер адам жанжалдан кейін өз әйелін өртеп жіберген

Павлодарлық ер адам жанжалдан кейін өз әйелін өртеп жіберген

Павлодар облысы Розовка ауылында ер азамат әйелімен болған жанжалдан соң, оның үстіне спирт құйып, өртеп жіберген, деп хабарлайды Хабар 24 Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Полиция мәліметінше, ер азамат мас күйі көлігін айдамақ болған. Алайда оның жолына жары бөгет жасаған. Екеуара туындаған жанжалдың нәтижесінде тұрғын тоңазытқыштағы спиртті алып, әйелінің үстіне құйып, от жағып жіберген. 

«Олар әйелдің әкесінің мерейтойын тойлауға келген. Есін жиған азамат жәбірленушінің үстіндегі алауды сөндіріп, отқа оранған киімін шеше бастаған. Артынша жедел жәрдемге хабар берген. Әйел бірінші деңгейлі күйікпен ауруханаға жеткізілген», – деді Павлодар облыстық ПД басшысының орынбасары Жасқайрат Қайыров. 

Дәрігерлердің айтуынша, зардап шеккен келіншектің денесінің 50%-ін күйік шалған. Қазір оның жағдайы ауыр. Мамандар жедел түрде қан құю керек екенін жеткізді. 

Ер азаматтың үстінен «Орта деңгейдегі денсаулыққа қасақана зиян келтіру» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған. Егер кінәсі анықталса, оның екі жылға бас бостандығы шектеліп немесе осы мерзімге қамалуы мүмкін. Одан бөлек, бұл бап бойынша 1000 АЕК көлемінде (3 миллион теңге) айыппұл салу қарастырылған.