24 жыл қашып жүрген күдікті Павлодардан табылды

24 жыл қашып жүрген күдікті Павлодардан табылды
inform.kz

Ресейдің Омбы қаласында апалы-сіңлілі қыздарды өлтірген Қазақстан азаматы ұсталды деп хабарлайды Хабар 24.

24 жыл бойы тергеу органдарынан жасырынып келген ер адамның табылуына Павлодар облыстық полицияның көші-қон қызметкері Гүлстан Батталованың қырағылығы сеп болды.

Павлодар облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, 1997 жылдың наурызында Ресейдің Омбы қаласында 30 жастағы азамат кикілжің кезінде 25 жастағы қызды басынан атып жібереді, ал оның 22 жастағы сіңлісіне бірнеше жерден пышақ сұғып алады. Екеуі де алған жарақатынан оқиға орнында көз жұмған. Күдікті мас болған. Қылмыс жасағаннан кейін ол қашып кеткен. Күдіктіге мемлекетаралық іздеу жарияланады.

«54 жастағы Қазақстан азаматы азаматтық анықтау үшін көші-қон қызметіне құжат өткізген. Осы кезде оның іздеуде жүрген күдікті екені әшкере болған. Полиция подполковнигі ер адамды таныған», - деп атап өтті ведмоство өкілі. Павлодар полицейлері Ресейдің Омбы облысының тергеу органына хабарлама жолдады. Бүгінде Ертіс өңірінде «Мигрант» жедел алдын-алу шарасы өтіп жатыр. Оның барысында 430 адам жауапкершілікке тартылды. 21 шетелдік сот үкімімен елден қуылды.