Еліміз арқылы Өзбекстаннан Ресейге бара жатқан жүк көлік өртеніп кетті

Павлодар-Нұр-Сұлтан жолында трикотаж өнімдері тиелген жүк көлігі өртеніп кетті.

Renault Premium көлігі Өзбекстаннан Ресей Федерациясына бара жатқан. Жол бойындағы медициналық-құтқару бекетінің мамандары екі жүргізушіні Қалқаман кентіндегі жылыту бекетіне орналастырды. Өрт туралы хабар түнгі сағат 02:00 шамасында түскен. Ал таңғы 05:00-де толық сөндірілді. Өрттің шығуына электр сымдарының тұйықталуы себеп болған. Келтірілген шығын анықталып жатыр. Өртті сөндіруге ТЖ қызметінің жеке құрамынан 16 адам мен 3 техника  жұмылдырылды.