Түркістан облысындағы мектепте жарылыс болды: от жағушы көз жұмды

Түркістан облысындағы мектепте жарылыс болды: от жағушы көз жұмды
Сурет: Түркістан облысы ТЖД баспасөз қызметі

Түркістан облысының Сайрам ауданында жылу қазандығы жарылды. Оқиға бүгін таңғы сағат 8:05 шамасында Ошақты ауылындағы Құрманғазы орта мектебінде болды. Өкінішке қарай, апат салдарынан бір адам қаза тапты. Қайтыс болған азамат 1963 жылы туған сол ауылдың тұрғыны.

Білім ордасын жылытуға арналған нысан мектептен алшақ орналасқандықтан, оқушылар мен ұстаздар дін аман. Алайда мектеп басшылығы қазандықты қалпына келтіргенге дейін оқушыларды қашықтан оқытуға жіберді.

Аталған дерек бойынша тергеп, тексеру амалдары жүргізіліп жатыр.

Мұхан Байымбетов, Сайрам ауданының Төтенше жағдайлар басқармасының бастығы:

– Оқиға орнына дереу екі негізгі өрт сөндіру автокөлігі мен шұғыл топты жолдадық. Оқиға орнына келгенімізде мектептің жанында орналасқан қазандықтағы жарылыс салдарынан бір адам қайтыс болғанын анықтадық. Жарылыстың салдары мен материалдық шығын туралы қазіргі таңда Сайрам аудандық ІІПБ мен тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.