Жүргізуші қашып кеткен: Павлодарда жол апатынан жаяу жүргінші қаза тапты

Жол-көлік оқиғасы Космонавтар көшесі, 1 мекенжайында орын алған, деп хабарлайды Рavlodarnews.kz.

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 19 ақпан күні сағат 07.20-да «Daihatsu Terios» автокөлігінің 33 жастағы жүргізушісі 1948 жылы туған жаяу жүргіншіні қағып кеткен.

- Жаяу жүргінші алған жарақаттарынан оқиға орнында қайтыс болды. Сот-медициналық сараптама тағайындалды. Тексеру жүргізіліп жатыр, - деп хабарлады Павлодар облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Жасқайрат Қайыров.

33 жастағы жүргізуші жол апатынан кейін оқиға орнынан қашып кеткен. 

Полиция «Ұстау» жоспарын енгізіп, жедел іздестіру іс-шараларының нәтижесінде тәртіп сақшылары жол-көлік оқиғасы болған орыннан қашып кеткен жүргізушіні ұстады. 

Автокөлік арнайы айып тұрағына қойылды.