Қырғызстаннан контрафактілік өнімдердің ірі партиясы ұсталды

Қырғызстаннан контрафактілік өнімдердің ірі партиясы ұсталды
ҚР ҚМ МКК

Қазақстан-Қытай шекарасында бақылау күшейгеннен бері қырғыз елінен Қазақстанға тауарлар импорты 3 есе өскені байқалады. Бұл туралы ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетінде хабарлады.

«Мемлекет басшысының Қазақстан Республикасының кедендік шекарасында тәртіпті қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасы аясында мемлекеттік кірістер органдары Қазақстан-Қытай шекарасында бақылауды күшейтті.

Сонымен қатар Қытай өндірісінің халық тұтынатын тауарлары импортының Қырғыз Республикасынан Қазақстан Республикасына 3 есе өскені байқалады», – делінген мәліметте.

Тәуекелдерді басқару жүйесі негізінде жүргізілетін тақырыптық салықтық тексерулер шеңберінде тауарға ілеспе құжаттарда көрсетілмеген, соның ішінде зияткерлік меншік объектілері болып табылатын тауарлар, негізінен Қытай өндірісіндегі қымбат және салықты көп қажет ететін тауарлар айқындалады.

«11 наурызында тақырыптық салықтық тексеру жүргізу барысында Қырғыз Республикасынан келе жатқан жүк автокөлік құралында 2 715 бірлік брендтік тауарлар анықталды. Аталған тауарлардың ішінде «Dior» сөмкелері, «Gucci» күртешелері, «Nike» кроссовкалары, «Dolce&Gabbana» джинсы және т.б. бар», – делінген.

Қазір аталған факті бойынша материалдар қылмыстық іс қозғау үшін Жамбыл облысы бойынша Экономикалық тергеу департаментіне жолданды.