Қостанайда полицейді алаяқтар алдап соқты

Алаяқтар ІІМ Қостанай академиясы қызметкерінің атын жамылып, төрт ай бойы жоқ тауарларды сатқан.

Олар өздерін тараздық әріптестері ретінде таныстырып, полиция қызметкерінің қызметтік куәлігін алдап алған. Бұған сенген подполковник сұратылған ақпаратты ұсынған. Бірнеше сағаттан кейін хабарламалар сайтында қостанайлық полицейдің мәліметтерімен жиһаздар сатылымы жарияланды. Алаяқтар оны Қазақстанның кез келген қаласына тегін жеткізуге уәде берген. Осылайша 90-ға жуық адам жалған сатушыларға 30 мыңнан 1 миллион теңгеге дейін ақша аударған.  

Ерболат Қайнар, алаяқтардың құрбаны:

- Мен дереу Қостанай қалалық Оңтүстік полиция бөліміне жүгіндім, онда қылмыстық іс қозғалды. Бүгін мен көпшілікке және әлеуметтік желілерге менің құжаттарымның фотосуреттерін алаяқтар қолданатындығы және адамдарды алдайтыны туралы ақпаратты барынша таратамын. Олардың қулықтарына түсіп қалмаңыздар! Қазір менің қызметтік куәлігім алынды және ол жарамсыз, ал жеке куәлігім ауыстырылды.

Атырау тұрғыны үй шатырында сора өсірген

Атырау тұрғыны үй шатырында сора өсірген. Бұл мақсатта 49 жастағы күдікті қалыпты температурасы мен жарығы бар шағын жылыжай жабдықтаған. Полицейлер тәркілеген заттың салмағы 1 келіден асты.  Есірткі өсімдіктерін сақтау дерегі бойынша ер адам қамауға алынды. Сотқа дейінгі тергеу амалдарына сәйкес өзге ақпарат жарияланбайды.

Атырау облысында қылмыстық топ ұсталды

Атырау облысында есірткі саудасын қыздырған қылмыстық топ ұсталды. Олар Шымкенттен өңірге марихуана жеткізуді жолға қойған. Улы зат қалааралық автобус арқылы тасымалданды. Күдіктілер есірткіні мекен-жайлар бойынша сатып, түскен ақшаны қылмыстық топтың негізін қалаушы қызылордалық азаматтың банк картасына аударып келген. Осы күнге дейін олардың 6 миллион теңге пайда тапқаны белгілі болды. Қылмыскерлерді қолға түсіру операциясы бес айға созылды. Қазір сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүріп жатыр.

Павлодарда екі адам өрттен құтқарылды

Ал екібастұздық өрт сөндірушілер үш адамды өлім аузынан құтқарды. Қызыл жалын төртінші қабаттағы пәтерден тұтанып, 10 шаршы метр аумаққа тарады. Көк түтін подъезге жайылғандықтан тұрғындардың қауіпсіз жерге шығуына мүмкіндік болмады. Тұншығып газбен уланған екі ер адамды құтқарушылар сыртқа көтеріп шығарды. Олар шұғыл қалалық аурухананың жансақтау бөліміне жеткізілді. Ал көрші әйелді төменге түсіру үшін автосатының көмегі қажет болды. 35 жастағы тұрғын дәрігерлік көмектен бас тартқан. Өрт сөндірушілер жарты сағат ішінде қызыл жалынды өшірді. 

Сағдат Вахидов, Екібастұз қаласы арнайы өрт сөндіру бөлімі басшысының орынбасары:

- Жеті адам өз бетінше эвакуацияланды. Оның екеуі бала. Екі бөлмелі пәтердегі өрттің неден шыққаны белгісіз. Келтірілген залал көлемі есептеліп жатыр.