Нұр-Сұлтанның бірнеше ауданында құрғақ шөп өртенді

Нұр-Сұлтанның бірнеше ауданында құрғақ шөп өртенді
ҚазАқпарат

Бүгін Нұр-Сұлтанның бірнеше ауданында құрғақ шөп өртенді. Өрт сөндірушілер «Батыс» саяжай қоғамында жалынмен күресті жалғастырып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазіргі уақытта «Батыс» саяжай қоғамында шамамен 1500 шаршы метр аумақта тұтанған өртпен күресті жеке құрамнан 67 адам және 9 техника, сондай-ақ әкімдіктің 2 техникасы жүргізуде. Зардап шеккендер мен қаза болғандар жоқ», - делінген елорда Төтенше жағдайлар департаментінің хабарламасында.

ТЖД мәліметінше, бүгін таңертеңнен бері өрт сөндіру бөлімшелері құрғақ шөптің жануына қатысты 5 шақыртуға шықты. Ірі өрт оқиғаларының бірі Сарыарқа ауданындағы Аққорған кқөшесінің бойында болды. Онда 300 шаршы метр аумақта шөп пен қамыс тұтанған. Сондай-ақ Алматы ауданындағы «Шығыс айналма жолда» құрғақ шөп өртенді. Департамент ақпаратына сүйенсек, құрғақ шөп пен қамыстың жануының басты себептерінің бірі – адамдардың саяжайларда, жол бойында немесе елді мекендерге жақын орналасқан орман алқаптарында шөп пен қоқысты өртеу, сондай-ақ демалыс кезінде отты пайдалануда қауіпсіздік ережесін сақтамау.