Қостанайда өрттен 11 жеке үй толығымен жанып кетті

Қостанайда болған өрттен 11 жеке үй толығымен жанып кетті.

Тағы екі үйге зақым келген.

Абырой болғанда, кісі өлімі жоқ. Үйсіз қалған бес адам уақытша қала маңындағы емдеу-сауықтыру орталығына орналастырылды. Қалғандары туыстары мен таныстарының үйін паналады. Барлығы 25 адам эвакуацияланды. Олардың бесеуі бала.

Еске сала кетейін, кеше кешке облыс орталығының шетінде Тобыл өзенінің бойында қамыс өртенген болатын. Қатты желдің салдарынан өрт жақын маңдағы үйлер мен ғимараттарға жайылды. Өрт сөндірушілер тілсіз жаумен төрт сағаттай алысты. 85 адам мен 14 техника жұмылдырылды. Қызыл жалын мың шаршы метр аумақты шарпыды. Өрттің себептері мен келген шығын анықталып жатыр.