Семей тұрғынынан бір келі марихуана тәркіленді

Семейде қала тұрғынынан 1 келі есірткі тәркіленді.

Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, күдіктінің үйін тінту барысында ішінде жасыл түсті өсімдік тектес заты бар 15 полимерлі түйіншек табылған. Сараптамада оның жалпы салмағы 1 келі болатын "кептірілген марихуана" екені анықталды. Полицейлердің айтуынша, ұсталған азамат ұзақ уақыт бойы есірткі сатумен айналысып келген. Қазір аталған іске қатысты қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. Айыбы толық дәлелденсе 45 жастағы жігіт ағасы 10 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айрылуы мүмкін.

ШҚО-да қару-жарақ тәркіленді 

Еліміздің шығысында жергілікті тұрғыннан бірнеше қару-жарақ пен жүздеген оқ-дәрі тәркіленді. Аймақ полицейлері "Қару" жедел алдын алу іс-шарасы барысында атыс құралдары мен оқтарды заңсыз сақтаған 32 жастағы өскемендік ер адамды анықтады. Оның үйін тінту кезінде МР-79-8 үлгісіндегі газ пистолетінен қайта жасалған тапанша, «WALTHERP» газ пистолеті, МР-654К үлгісіндегі пневматикалық қару, «СПШ 44» үлгісіндегі сигналдық пистолет және 150-ден астам патрон табылды. Қазір аталған іске қатысты қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу жұмыстары басталды.

Қателігін қайталады

Елордада автокөлік жөндеу орталығының жалпы құны 3 млн теңгелік дүние-мүлкі қолды болды. Нысанға есікті бұзып кірген ер адам ондағы компрессор, көлік дөңгелектері, дәнекерлеу аппараты мен басқа да құрылғыларды алып кеткен. Күдіктіні полицейлер бейнебақылау камераларының көмегімен тапқан. Кейіннен белгілі болғандай ол, бұған дейін де өзі жұмыс істейтін мекемеден электр қондырғыларын ұрлаған және бұрын сотталған екен. Қазір аталған азаматтың үстінен қылмыстық іс қозғалды.

Павлодарда заңды тіркеуі жоқ көлік тәркіленді

Тәртіп сақшылары оны бейнебақылау камерасы арқылы анықтаған. Алайда жүргізуші "Инфинити" маркалы жол талғамайтын көлігінің тіркелмегенінен бейхабар болып шықты. Тіпті машинаның техникалық паспортын ұсынған. Кейіннен белгілі болғандай, 36 жастағы жігіттің келіншегі аталған көлікті күйеуіне ескертпестен тіркеуден шығарып тастапты. Дегенмен, бұл, оны жазадан құтқармайды. Заңды тіркеуі жоқ көлікпен жүрген азамат айыппұл төлеуге міндеттелді.