Қызылордада алаяқ бес тұрғынды алдап соққан

Алаяқтық әрекетінің құрбаны болған Қызылорда қаласының 5 тұрғыны полицияға шағым түсірді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оңай жолмен ақша табуды мақсат тұтқан азаматша оларды «Оңтүстік Кореяға виза рәсімдеп, балаларыңның сол елде жұмысқа орналасуына көмектесемін», – деп, алдаған. Әзірге бұл алаяқтық әрекетінен тұрғындарға 4 миллион 300 мың теңге шығын келгені анықталды. Жедел-іздестіру шаралары барысында күдікті қолға түсті. Алаяқтық бабының 1-бөлігімен сотқа дейінгі тергеу жүргізіле бастады. 

ӨСКЕМЕНДЕ СЕРЖАНТ ПЕН МҰҒАЛІМ ЗЕЙНЕТКЕРДІ ӨРТТЕН ҚҰТҚАРЫП ҚАЛДЫ

Ұлттық Ұлан сержанты мен әскери дайындық пәнінің мұғалімі Өскемендегі өртеніп жатқан үйлердің бірінен 65 жастағы ер адамды аман алып шықты. Өрт шыққан үйге дереу жетіп, тілсіз жаудың бетін қайтаруға кіріскен сержант Ризабек Қанапиянов пен Манарбек Ауғанбаев есімді азамат үй ішінен көмек сұраған адамның даусын естиді. Ұлттық Ұлан сарбазы жалын шарпыған үйге қойып кетіп, диваннан тұруға шамасы жетпей жатқан егде жастағы адамды көреді. Олар қарияны аман-есен сыртқа шығарып үлгеріп, жедел жәрдем қызметкерлеріне табыстады. Ыс тиген үй иесі ауруханаға жеткізілді.

МЕЙРАМХАНА ӨРТЕНДІ

Қостанайдағы Карбышев көшесінде орналасқан мейрамханалардың бірінен өрт шықты. Кәуәп пісіруге арналған орынның төбесі мен қабырғасына от тиіп, 65 адам қауіпсіз жерге шығарылды. Қызыл жалын 20 минуттың ішінде сөндірілді. Оны сөндіруге Қостанай қалалық өрт сөндіру қызметінің 4 арнайы техникасы мен 16 қызметкері жұмылдырылды. Зардап шеккендер жоқ.

ЖОЛ АПАТЫНАН ЕКІ АДАМ ҚАЗА ТАПТЫ

Батыс Қазақстан облысының «Жалпақтал-Чапаев» автожолының 115-шақырымында Lexus автокөлігі аударылып, 1986 жылы дүниеге келген ер азамат сол жерде жан тапсырды. Автокөлікте отырған жолаушы әйел Жалпақтал ауылындағы аудандық ауруханаға жатқызылды. 1990 жылғы азаматша ауруханада өз-өзіне келе алмастан көз жұмды. Бұл жол-көлік оқиғасына байланысты ҚР ҚК 345-бабына сәйкес қылмыстық іс қозғалды.

КӨКНАР АЛҚАБЫ ЖОЙЫЛДЫ

Түркістан облысының полицейлері «көкнардың» кезекті ірі егістігін жойды. «Қарасора-2022» жедел-алдын алу іс-шарасы барысында Сарыағаш ауданына қарасты ауыл тұрғындарының бірінің үйінен есірткі алқабы анықталған. Жедел уәкілдер тінту кезінде оның ауласынан 2400 түп есірткіге ұқсас өсімдікті айғақты зат ретінде алып, сараптамаға жіберді. Зерттеу қорытындысымен оның «көкнар» екенін анықталды. Жалпы салмағы 47 келі. Қазір ҚР ҚК 300-бабымен сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Күдікті қамауға алынды.