Павлодарда «КамАЗ» көлігін мас күйінде айдаған жүргізуші ұсталды

Павлодардың Ертіс ауданында «Камаз» жүк көлігін мас күйінде басқарған жүргізуші ұсталды.

Тәртіп сақшылары күдік тудырған көлікті тоқтатпақ болады. Алайда жүргізуші талапты ескермей қаша жөнелген. Алыс ұзамай қолға түскен 30 жастағы көлік жүргізушісінің мас екені анықталды. Енді ол 7 жылға көлік басқару құқығынан айырылып, өзі 15 тәулікке қамалды.

ШҚО-да сауда үйі өртенді

Шығыс Қазақстан облысы Шемонаиха қаласының Капорин көшесінде орналасқан сауда орыны өртенді.  Қызыл жалын 430 шаршы метр аумақты шарпыған. Төтенше жағдайлар қызметінің 8 маманы мен 2 техника жұмылдырылды. Зардап шеккендер жоқ. Тауарларға да от тимеген.  Алдын ала болжам бойынша электр жабдықтарын пайдалану кезінде қателік кеткен болуы мүмкін. Қазір өрттің шығу себебі анықталып жатыр.

Талдықорғанда Төлебаев - Балпық би көшелерінің қиылысында жол апаты жиі болады

Талдықорған қаласының Төлебаев және Балпық би көшелерінің қиылысында жол-көлік оқиғасы болды. Абырой болғанда зардап шеккендер жоқ. Тұрғындардың айтуынша, бағдаршам болмағаннан кейін бұл маңда апта сайын жол апаты болады. Олар балалардың қауіпсіздігі  үшін алаңдаулы.

Аягөз ауданында 38 жастағы ер адам аңды заңсыз аулаған

Абай облысы Аягөз ауданында 38 жастағы ер адам аңды заңсыз аулаған. Оның ішінде Қызыл кітапқа енген арқар да бар. Мемлекетке келтірілген шығын көлемі 13 млн теңге.  Қазір қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүріп жатыр. Жабайы жануарларды заңсыз атқан тұрғын 6 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Жыл басынан бері өңірде осындай 11 дерек тіркеліпті.

Жамбыл облысында есірткі тасымалдағандар ұсталды

Жамбыл облысында 10 келіден астам есірткі тасымалдағандар ұсталды. Қарасора жедел іздестіру іс-шарасы кезінде Шу-Мерке тас жолының бойында тәртіп сақшылары екі мотоциклды тоқтатқан. Тінту кезінде олардан жалпы салмағы 10 келі 600 грамм кептірілген марихуана табылды. Қазір тергеу амалдары жүріп жатыр.