Алакөлде 20 ғимарат өртеніп кетті

Алакөлдегі алапат өрттен болған шығын көлемі есептеліп жатыр. Кеше түнде қызыл жалын туристер көп баратын 4 демалыс орнындағы 20 ағаш үйді күлге айналдырды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Тілсіз жаудан 7 адам зардап шегіп, дәрігер көмегіне жүгінді. Қазір көл басында жедел штаб жұмыс істеп жатыр. Алакөлдегі өрт түнгі сағат 11-де тұтанып, қатты желден маңайына лезде тарады. Көл жағасында алаңсыз жүрген демалушылар қас-қағым сәтте не болғанын түсінбей, есеңгіреп қалған. Оқиға куәгері Дарын Нұрсапардың айтуынша, қызыл жалын лап еткенде талай адам құжаттарын тастай қашыпты.

Дарын Нұрсапар, куәгер:

– Әп-сәттің ішінде жайнап, жарқырап тұрған үйлердің түгі қалған жоқ. Күлі ғана қалды. Қазір адамдар өздерінің заттарын үміттеніп іздеп жүр. Мұндай жерде ештеңе қалу мүмкін емес сияқты.

Таңертеңнен көл басы қарбалас. Шығын көлемі есептеліп жатыр. Екі жүзге жуық турист басқа демалыс базаларына тегін орналасқан. Қонақ үй иелері демалушыларды бөліп алған.

Ербол Әлібай, кәсіпкер:

Туристерді көшеден жинап алдық. Кейбірінің қолында шабадан болды. Алдымен балалар мен егде кісілерді қонақүйімізге орналастырдық.

Нұржан Тоқсейітов, Үржар ауданының әкімі:

– Тіршілікті қамтамасыз ететін барлық мекемелер штаттық режимде жұмыс істеп жатыр.

Өрттің тұтану себебі әлі белгісіз. Қазір сотқа дейінгі тергеу басталып, сараптама тағайындалған. Бұған дейін Үржар ауданында демалыс орындарының бірінен өрт шыққаны жазылған еді.

Авторлары: Азамат Қасым, Берік Жобалайұлы