Қызылорда облысында экс-әкімнің жазасы жеңілдетілді

Қызылорда облысының бұрынғы әкімі Қуанышбек Ысқақовтың жазасы жеңілдетілді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ол 2020 жылдың желтоқсан айында алаяқтық үшін кінәлі деп танылып, өмір бойы мемлекеттік қызметпен айналысу құқығы шектеліп, 7 жылға бас бостандығынан айырылған болатын. Қызылорда облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының қаулысымен бірінші сатыдағы үкім өзгеріссіз қалдырылды. Дегенмен, Жоғарғы Соттың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының қаулысымен үкім жаза тағайындау бөлігінде өзгертіліп, бас бостандығынан айыру мерзімі алты жылға дейін қысқартылды. Жазаны өтеу барысында экс-әкім тәртіп бұзбаған. Екі рет көтермелеу шарасы қолданылған. Мемлекеттік баж, іс жүргізу шығындары мемлекет кірісіне және жәбірленушілердің өтемақы қорына толық өтелген. Осындай жеңілдететін мән-жайлар ескеріле отырып, жазаның өтелмеген бөлігі 3 жыл 11 ай 12 күн мерзімде бас бостандығын шектеуге ауыстырылды.